Музей – мәдени мұра мен заманауи дизайн үндестігі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Дизайн» білім беру бағдарламасының магистранттары зерттеу пәндерін меңгеру аясында Ә. Қастеев атындағы өнер музейінде көшпелі практикалық сабақ өткізді. Іс-шара «Музей мәдени артефакт ретінде: визуалды ортаның әлеуметтік-мәдени антропологиясы» тақырыбын тереңірек зерделеуге арналды.
Академиялық дәрістің дәстүрлі форматы далалық зерттеу және талдау жұмыстарымен алмастырылды. Қазіргі музей тек тарихи жәдігерлер сақталатын орын ғана емес, сонымен қатар сәулет өнері, жарықтандыру, навигация және келушілер қозғалысының бағыт-бағдары арқылы тұтас мәдени баяндау қалыптастыратын күрделі әрі көпқырлы мәдени артефакт болып саналады. Магистранттар музей экспозициясын жай ғана бақылаушы ретінде емес, визуалды зерттеушілер мен антропологтар тұрғысынан зерделеді.

Болашақ дизайн мамандарының назарында адам мен оны қоршаған заттық ортаның өзара байланысы мәселелері болды. Атап айтқанда, залдың сәулеттік құрылымы мен кеңістікті аймақтарға бөлу келушінің назарын қалай бағыттайтыны және оның экспонаттармен эмоциялық байланысын қалай қалыптастыратыны, сондай-ақ заттар топтамасы арқылы қоғамның мәдени кодтары, дәстүрлі құндылықтары мен дүниетанымдық ерекшеліктері қалай жеткізілетіні талданды.
Көшпелі практикалық сабақ барысында студенттер келушілер тәжірибесін (user experience) картографиялау бойынша практикалық тапсырмаларды орындап, музей ішіндегі қозғалыс бағыттарының эргономикасын талдады және экспозицияның визуалды-семиотикалық кодтарын анықтап, тіркеді.

Осындай шынайы ортаға негізделген тәжірибелік сабақ кафедраның пәнаралық бағытқа басымдық беретінін көрсетеді. Бұл тәсілде әлеуметтік-мәдени антропология теориясы дизайн саласындағы заманауи жобалау құралдарымен ұштасып, терең концептуалды ойлау қабілеті қалыптасқан кәсіби мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
Аргынбаева М.Х., фил.ғ.к., Баспагерлік-редакторлық
және дизайнерлік өнер кафедрасының
ассистент-профессоры
Басқа жаңалықтар