ҚазҰУ оқытушылары Таиландтағы Мэй Фах Луанг университетіне ғылыми іссапармен барды — ҚазҰУ

ҚазҰУ оқытушылары Таиландтағы Мэй Фах Луанг университетіне ғылыми іссапармен барды

2 қараша 2026
ҚазҰУ оқытушылары Таиландтағы Мэй Фах Луанг университетіне ғылыми іссапармен барды

2026 жылғы 24–30 қазан аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушылары Таиланд Корольдігінің Чианграй қаласындағы Мэй Фах Луанг университетіне ғылыми іссапармен барды. Іссапар ЖТН АР27511021 ғылыми жобасы аясында ұйымдастырылды.

Сапардың негізгі мақсаты – Синология мектебінің профессор-оқытушылар құрамымен және зерттеушілерімен академиялық байланыс орнату, қазіргі заманғы синологияның өзекті мәселелерін талқылау, сондай-ақ Қытайдың шет мемлекеттермен мәдени-гуманитарлық байланыстарын зерттеу бағытындағы тәжірибе алмасу болды.

Іссапар барысында ҚазҰУ оқытушылары Мэй Фах Луанг университетінің Синология мектебінің басшылығымен және оқытушыларымен кездесіп, білім беру мен ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Сонымен қатар Қытайдың сыртқы саясаты тақырыбына арналған 4-курс студенттерінің семинарына қатысып, оқу үдерісінің ұйымдастырылуымен, оқыту әдістерімен және студенттердің дайындық деңгейімен танысты.

Делегация университет жанындағы Конфуций институты мен кітапхана жұмысымен танысты. Ғылыми жоба тақырыбына сәйкес зерттеу жүргізетін мамандармен сараптамалық сұхбаттар өткізіліп, бірлескен ғылыми семинар ұйымдастырылды. Сондай-ақ оқытушылар синология студенттері дайындаған «SinoShow» атты оныншы мәдени іс-шара аясындағы қытай тіліндегі сахналық қойылымды тамашалады.

Университет кітапханасында жұмыс істеу барысында жоба тақырыбына қатысты ғылыми және оқу материалдары жиналды. Бұдан бөлек, студенттермен кездесуде Қазақстанның білім беру жүйесі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметі таныстырылып, сұрақ-жауап форматында пікір алмасу өтті.

Ғылыми іссапар нәтижесінде ҚазҰУ мен Мэй Фах Луанг университетінің Синология мектебі арасында академиялық байланыстар нығайып, болашақтағы ғылыми және білім беру ынтымақтастығының бағыттары талқыланды. Жиналған материалдар Қазақстан мен Қытайдың мәдени-гуманитарлық байланыстарын, сондай-ақ Қытайдың Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен қарым-қатынасын салыстырмалы тұрғыдан зерттеудің эмпирикалық базасын кеңейтуге мүмкіндік береді.