- Басты бет
- Жаңалықтар
- УРДУ ТІЛІ БӨЛІМІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ ПӘКІСТАННЫҢ ФЕДЕРАЛДЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛАР МИНИСТРІМЕН КЕЗДЕСТІ
УРДУ ТІЛІ БӨЛІМІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ ПӘКІСТАННЫҢ ФЕДЕРАЛДЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛАР МИНИСТРІМЕН КЕЗДЕСТІ
2026 жылғы 3 қарашада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдері Пәкістан Елшілігінің бас консулы Ризвана Қазидің шақыруымен Пәкістанның Федералдық инвестициялар министрі Қайсер Ахмад Шейхпен кездесті. Жиынға Медиа және экономикалық зерттеулер орталығының директоры Джавед Иқбал және Қазақстан мен Пәкістанның іскерлік және инвестициялық қауымдастықтарының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында екі ел арасындағы саяси, экономикалық, инвестициялық және білім беру салаларындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары кеңінен талқыланды. Атап айтқанда 2026 жылы Қазақстан мен Пәкістан арасында қол жеткізілген маңызды келісімдер, өзара сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестициялық әріптестікті жандандыру және бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелері сөз болды.
ПИР Алматыдағы бас консул Ризвана Қази Қазақстан мен Пәкістан арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастардың маңыздылығына тоқталып, дипломатиялық, мәдени және білім беру салаларындағы өзара ықпалдастықты одан әрі тереңдетудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ ол екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды дамытуда жоғары оқу орындары мен жастар арасындағы академиялық алмасудың айрықша рөл атқаратынын жеткізді.
Шығыстану факультеті деканының әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары доктор Шынар Ерланқызы Канафьева екі ел арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығының әлеуетіне тоқталып, ҚазҰУ-да урду тілін оқыту мен Пәкістанның жоғары оқу орындарымен академиялық байланыстарды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар университеттің алдағы жоспарлары, соның ішінде Пәкістаннан шақырылған профессорды дәріс оқуға тарту және студенттердің тілдік әрі кәсіби даярлығын жетілдіруге бағытталған бірлескен академиялық бастамалар жөнінде ақпарат берді.
Басқосудың маңызды бөлігінің бірі ҚазҰУ-дың Урду тілі бөлімінің студенттерімен жүздесу болды. Студенттерге урду тілінде өздерін таныстырып, тілдік білімдері мен коммуникативтік дағдыларын көрсетуге мүмкіндік берілді. Олар Пәкістан өкілдерімен тікелей тілдесіп, елдің мәдениеті, тарихы мен қоғамына деген қызығушылықтарын білдірді. Мұндай кездесулер студенттердің шет тілін практикалық тұрғыдан меңгеруіне, мәдениетаралық коммуникация тәжірибесін қалыптастыруына және болашақ кәсіби байланыстарын кеңейтуіне жол ашады.
Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан мен Пәкістан арасындағы көпсалалы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, академиялық алмасуды жандандыруға және екі ел арасындағы іскерлік әрі мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға мүдделілік танытты. Бұл ҚазҰУ мен Пәкістанның дипломатиялық, ғылыми және іскерлік орталары арасындағы өзара байланысты нығайтып, университеттің халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған маңызды басқосу болды.



Жарбосынова Н.Д.
Шығыстану факультеті, Урду тілі бөлімінің докторанты
Басқа жаңалықтар