«Шалқар» радиосына – 60 жыл: ұлттық руханият пен журналистика сабақтастығы — ҚазҰУ

«Шалқар» радиосына – 60 жыл: ұлттық руханият пен журналистика сабақтастығы

3 қараша 2026
«Шалқар» радиосына – 60 жыл: ұлттық руханият пен журналистика сабақтастығы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының 1,2 курс студенттеріне 3 қараша 2026 жылы «Шалқар» радиосының 60 жылдық мерейтойына орай «Шалқар радиосына - 60 жыл» атты шеберлік сыныбы өтті. Шеберлік сыныбының спикері - журналист, ақын, «Шалқар» радиосының аға редакторы Бақыт Жағыпарұлы болды. Кездесудің басты мақсаты -1, 2 курс студенттеріне  қазақ радиожурналистикасының қалыптасу тарихы, ұлттық радионың қоғамдағы орны, эфир мәдениеті мен заманауи журналистиканың даму бағыттары туралы кәсіби тәжірибе негізінде ақпарат ұсынылды.     

Шеберлік сыныбы барысында Бақыт Жағыпарұлы «Шалқар» радиосының алпыс жылдық тарихына тоқталып, радиостанцияның қазақ руханиятын дамытудағы, ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы және ана тіліміздің мәртебесін арттырудағы маңызын атап өтті. Қазақ радиожурналистикасының қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан көрнекті тұлғалар туралы да әңгімеледі.

Атап айтқанда, ардагер және аңыз дикторлар Мина Сейітова-Қазақ радиосының тұңғыш  кәсіби дикторы, ұлттық дикторлық мектептің негізін қалаушы. Әнуарбек Байжанбаев-«қазақтың Левитаны» атанған ерекше дауыс иесі, ұлттық радиоэфирдің абыройы, Тоқсын Құлыбеков- 1966-2002 жылдары Қазақ радиосында диктор болған, профессор, Сауық Жақанова- радио саласының ардагері,эфир тарланы, қазақтың көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаев, белгілі журналист, ғалым Намазалы Омашев, Нұрлан Өнербаевтың   есімдерін атап, олардың радио саласындағы шығармашылық және кәсіби мұрасына тоқталды. Спикер осындай тұлғалардың еңбегі ұлттық радиожурналистиканың тарихында ерекше орын алатынын атап өтті. Сонымен қатар радио саласындағы шығармашылық ізденістер, журналистің кәсіби жауапкершілігі, тыңдарманмен байланыс орнату, сапалы контент әзірлеу және эфирде сөйлеу мәдениеті жөнінде өз тәжірибесімен бөлісті. Спикер болашақ журналистерге радио саласында табысты еңбек ету үшін сауатты сөйлеу, ақпаратты нақты әрі шынайы жеткізу, шығармашылық қабілетті дамыту және кәсіби ізденісте болудың маңызын түсіндірді.

Студенттер  өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, радио саласының ерекшеліктері мен журналистің күнделікті қызметі туралы құнды ақпарат алды.Кездесу студенттер үшін танымдық әрі тәжірибелік тұрғыдан маңызды болды. Өйткені тәжірибелі журналистің кәсіби әңгімесі жас мамандарға теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға, радиожурналистиканың қыр-сырын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Шеберлік сыныбы соңында ұйымдастырушылар Бақыт Жағыпарұлына мазмұнды дәрісі мен құнды тәжірибесі үшін алғыс білдірді.


Кутпанбаева Ж.Б.
Баспасөз және электронды 
БАҚ кафедрасының 
аға оқытушысы