ҚазҰУ ғалымы Италияда ғылыми тағылымдамадан өтті — ҚазҰУ

ҚазҰУ ғалымы Италияда ғылыми тағылымдамадан өтті

4 қараша 2026
ҚазҰУ ғалымы Италияда ғылыми тағылымдамадан өтті

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия және химиялық технология факультетінің физикалық химия, катализ және мұнайхимиясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Джелдыбаева Индира Мухаметкеримовна Италияның Камерино университетінде қысқа мерзімді ғылыми тағылымдамадан өтті.

Тағылымдама ғылыми жоба аясында ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаттары — қоңыр көмірден алынатын гумин қышқылдарының антиоксиданттық қасиеттерін зерттеудің заманауи әдістерін меңгеру және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту.

Камерино университеті (Università degli Studi di Camerino, UNICAM) — Италияның Марке аймағындағы Камерино қаласында орналасқан, көпғасырлық академиялық дәстүрі бар мемлекеттік жоғары оқу орны. Осы университет базасындағы тағылымдама гумин қышқылдарының қасиеттерін зерттеу саласында тәжірибе алмасуға, заманауи зерттеу тәсілдерін меңгеруге және шетелдік әріптестермен ғылыми байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді.

Тағылымдама барысында жинақталған тәжірибе мен меңгерілген зерттеу әдістері кафедраның ғылыми-зерттеу әлеуетін нығайтуға, оқу үдерісіне жаңа ғылыми нәтижелерді енгізуге және жас зерттеушілерді даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді. Камерино университетімен ғылыми байланыстарды дамыту химия және химиялық технология факультетінің халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуге, бірлескен зерттеулер жүргізуге және академиялық ұтқырлықты дамытуға негіз болады.

 

 

Гауһар Ерғазиева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия факультеті 

«Физикалық химия, катализ және мұнайхимия» кафедрасының меңгерушісі, 

химия ғылымдарының кандидаты, профессор