Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстандағы биотехнологияларды 2036 жылға дейін дамыту перспективалары талқыланды — ҚазҰУ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстандағы биотехнологияларды 2036 жылға дейін дамыту перспективалары талқыланды

3 қараша 2026
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстандағы биотехнологияларды 2036 жылға дейін дамыту перспективалары талқыланды

2026 жылғы 3 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасында биотехнологияларды 2036 жылға дейін дамыту перспективалары» тақырыбында мемлекеттік органдардың, ғылыми қауымдастықтың, жоғары оқу орындарының және биотехнологиялық компаниялардың өкілдерін біріктірген дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара Қазақстанның биотехнология саласын дамытудың стратегиялық бағыттарын талқылауға, ғылым, білім беру және өндіріс арасындағы өзара байланысты нығайтуға, сондай-ақ саланың болашақтағы қажеттіліктеріне сәйкес жоғары білікті мамандар даярлау мәселелеріне арналды.

Дөңгелек үстел жұмысына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультетінің өкілдері, факультет деканы, биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нармуратова Мейрамкуль Худретовна және биотехнология кафедрасының меңгерушісі, PhD, қауымдастырылған профессор Сарсекеева Фариза Кудайбергеновна жетекшілігімен белсенді қатысты.

Биотехнология кафедрасының профессор-оқытушылар құрамының қатысуы факультеттің отандық биотехнология ғылымын дамытуға, кәсіби ынтымақтастықты кеңейтуге және болашақ мамандарды даярлау сапасын жетілдіруге мүдделі екенін көрсетті.

Пленарлық сессияға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Алина Галеева мен биология және биотехнология факультетінің деканы Мейрамкуль Нармуратова модераторлық етті.

Пленарлық сессия барысында бейінді министрліктердің, жетекші ғылыми ұйымдардың және биотехнологиялық компаниялардың өкілдері биоэкономиканы дамыту, инновациялық технологияларды енгізу, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және биотехнология саласының кадрлық әлеуетін қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Биотехнологиялық әзірлемелерді медицинада, ауыл шаруашылығында, энергетикада және қоршаған ортаны қорғау саласында практикалық қолдануға ерекше назар аударылды.

Биология және биотехнология факультетінің өкілдері ғылыми баяндамалар жасады. Биотехнология кафедрасының зерттеуші профессоры, биология ғылымдарының докторы Савицкая Ирина Станиславовна «Бактериялар терапиялық құрал және биоматериалдар өндіретін биофабрика ретінде: пробиотиктерден регенеративті технологияларға дейін» тақырыбында баяндама ұсынды.

Профессор Акимбеков Нуралы Шардарбекович «Биоэнергетика мен экологиялық технологияларды дамытудағы ғылым мен білімнің синергиясы: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасындағы „Биоконверсия“ және „Қолданбалы микробиология“ зертханаларының тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасап, ғылыми зерттеулер мен білім беру үдерісін біріктірудің маңыздылығын көрсетті.

Дөңгелек үстелдің маңызды оқиғаларының бірі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Орталық Азия биотехнологиялар қауымдастығы арасында биотехнология саласындағы ғылыми және кәсіби ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі болды.

Күннің екінші жартысында «Биотехнологиялар 2036: болашақ бейнесінен болашақ мамандардың құзыреттері мен білім беру жүйесіне арналған шешімдерге дейін» атты стратегиялық сессия өтті. Аталған сессияға биотехнология кафедрасының оқытушылары Абдулжанова М.А., Шокатаева Д.Х., Талипова А.Б., Доктырбай Г., Абдиева Г.Ж., Турашева С.К., Болекбаева А.Б. және Мелдебекова А.А. белсенді қатысты.

Стратегиялық сессия аясында қатысушылар мамандар даярлаудың перспективалық бағыттарын, түлектердің кәсіби құзыреттеріне қойылатын заманауи талаптарды және білім беру бағдарламаларын қарқынды дамып келе жатқан биотехнология саласының қажеттіліктеріне бейімдеу мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар іс-шара аясында заманауи ғылыми әзірлемелерді, инновациялық шешімдер мен өнімдерді таныстырған биотехнологиялық компаниялардың көрмесі ұйымдастырылды. Қатысушыларды университеттің зертханалық инфрақұрылымымен таныстыру да қарастырылды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша стратегиялық сессияның нәтижелері шығарылып, биотехнология саласын одан әрі дамытудың және мамандар даярлау жүйесін жетілдірудің негізгі бағыттарын айқындайтын қарар қабылдау көзделді.

Іс-шара мемлекеттік құрылымдар, ғылыми ұйымдар, университеттер және бизнес өкілдері арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультеті еліміздің ғылыми-білім беру күн тәртібін қалыптастыруға, инновациялық зерттеулерді дамытуға және Қазақстанның биотехнология саласының өркендеуіне елеулі үлес қоса алатын бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға белсенді қатысуын жалғастыруда.

 

Биотехнология кафедрасының ассистент-профессоры,

PhD, Абдулжанова М.А.