Қазақ тілі мен мәдениетін халықаралық деңгейде таныту мәселелері талқыланды — ҚазҰУ

Қазақ тілі мен мәдениетін халықаралық деңгейде таныту мәселелері талқыланды

4 қараша 2026
Қазақ тілі мен мәдениетін халықаралық деңгейде таныту мәселелері талқыланды

15 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің А. Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының ұйымдастыруымен PhD доктор, Түркияның Кастамону университетінің профессоры Орхан Сөйлемездің «Қазақтың ұлттық құндылықтары Нью-Йоркте қалай таныстырылды?» тақырыбында көшбасшылық дәрісі өтті.

Көшбасшылық дәрістің негізгі мақсаты – қазақ халқының ұлттық құндылықтарын, мәдениеті мен рухани мұрасын халықаралық деңгейде таныту тәжірибесімен бөлісу, ұлттық бірегейлікті сақтаудың және оны жаһандық кеңістікте насихаттаудың маңызын көрсету.

Дәріс барысында профессор Орхан Сөйлемез Нью-Йоркте қазақтың ұлттық мәдениеті мен рухани құндылықтарын таныстыру бағытында жүзеге асырылған іс-шаралар мен бастамаларға тоқталды. Қазақ халқының тарихи мұрасы, салт-дәстүрі, тілі мен әдебиетін шетелдік аудиторияға таныстырудың маңызын атап өтті.

Сонымен қатар профессор Түркияның Кастамону университетінде қазақ тілін оқыту тәжірибесі туралы баяндады. Шетелдік жоғары оқу орнында қазақ тілін үйрету, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін білім алушыларға таныстыру, қазақ тіліне деген қызығушылықты арттыру бағытындағы жұмыстарға назар аударды. Бұл ретте қазақ тілін халықаралық білім беру кеңістігінде насихаттаудың, оны шет тілі ретінде оқытудың және түркі халықтары арасындағы тілдік-мәдени байланыстарды дамытудың өзектілігін атап өтті.

Кездесу барысында ұлттық құндылықтарды заманауи коммуникация құралдары арқылы таныстыру, мәдениетаралық диалогты дамыту және қазақ тілінің халықаралық деңгейдегі қолданыс аясын кеңейту мәселелері де қозғалды.

Көшбасшылық дәріске факультет оқытушылары, студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысты. Дәріс соңында қатысушылар тақырып аясында пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.