Ғалымдар механика саласындағы озық зерттеулерді ұсынды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде WCMSE-2026 Дүниежүзілік механиктер конгресі аясында «Сұйықтық пен газ механикасының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Алқалы жиынға Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Швейцария және өзге де елдердің жетекші ғалымдары қатысты.
Салтанатты жиынды ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов ашып, шараның маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде отандық сұйықтық пен газ механикасы, теплофизика және гидроаэродинамика мектебінің іргетасын қалаған көрнекті ғалым, ҰҒА академигі, профессор Шахбаз Ершиннің ғылымға қосқан зор үлесін атап өтті. Проректор ғалымның 1978 жылы Тұтас орта механикасы кафедрасын құрғанын, 300-ден астам ғылыми еңбек жазып, 29 кандидат пен 5 ғылым докторын даярлағанын тілге тиек етті.

Satbayev University профессоры Ұзақ Жапбасбаев өз кезегінде академик Шахбаз Ершиннің әлемдік ғылымдағы орны туралы баяндама жасаса, Almaty Management University негізін қалаушы әрі президенті Асылбек Қожахметов ұстазы жайлы естеліктерімен бөлісті.

Форум барысында Самарқанд мемлекеттік университетінің профессоры Бахтиер Хужаеров, М.В.Ломоносов атындағы ММУ профессоры Петр Вабищевич, РФ ҒА Сібір бөлімшесі Теплофизика институтының профессоры Максим Пахомов және Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Нұрболат Жайшыбеков іргелі әрі қолданбалы зерттеулерін ұсынды.

Ауқымды шара аясында И.Д.Молюков атындағы аудиторияның салтанатты ашылуы өтіп, механика мен математикалық модельдеудің өзекті мәселелеріне арналған секциялық отырыстар ұйымдастырылды. Бұл форум халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға және аға буын мен жас ғалымдар арасындағы сабақтастықты арттыруға бағытталды.










Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар