«Кітап оқитын ұлт»: студенттер «Жусан иісі» шығармасын комикс форматында ұсынды. — ҚазҰУ

«Кітап оқитын ұлт»: студенттер «Жусан иісі» шығармасын комикс форматында ұсынды.

4 қараша 2026
«Кітап оқитын ұлт»: студенттер «Жусан иісі» шығармасын комикс форматында ұсынды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Тұрақты даму бағдарламасы аясында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және жастардың көркем әдебиетке қызығушылығын арттыруға бағытталған танымдық іс-шара өтті.

Іс-шараны Филология факультеті, А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының доцент м.а., PhD Жанат Сәрсенбай және Аққибат Ақжігітова ұйымдастырды.

Кездесу барысында студенттер Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» повесін бірлесе оқып, шығарманың идеялық-көркемдік мазмұнына талдау жасады. Әсіресе шығармадағы соғыс жылдарының ауыр шындығы, балалық шақтың мұңы, адамгершілік, мейірім мен үміт тақырыптарына назар аударылды.

Іс-шараның ерекшелігі – студенттердің әдеби шығарманы заманауи комикс форматында бейнелеп, мәтін мазмұнын визуалды түрде қайта жаңғыртуы. Бұл жұмыс көркем туындыны терең түсінуге, кейіпкерлер әлеміне бойлауға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және әдеби мәтінді заманауи форматта интерпретациялауға мүмкіндік берді.

Кітапты бірге оқып, бірге талдаған жастардың шығармашылық ізденісі мен әдебиетке деген ықыласын көру ерекше қуаныш сыйлады. Бүгінде кітап оқитын, оқығанын саралап, оны жаңа форматта ұсына алатын білімді де ізденімпаз жастардың бар екені – көңілге сенім ұялатады.

«Кітап оқитын ұлт» бастамасы аясындағы мұндай кездесулер студенттердің оқырмандық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, ұлттық әдеби мұраға деген құрметін арттырып, кітапты жастардың рухани өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыруды көздейді.