- Басты бет
- Жаңалықтар
- Білім беру үдерісіндегі жаңа мүмкіндіктер: JoVE платформасының өкілімен онлайн-кездесу
Білім беру үдерісіндегі жаңа мүмкіндіктер: JoVE платформасының өкілімен онлайн-кездесу
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінде оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі декан орынбасары Шәкен А.Ш. мен халықаралық JoVE (Journal of Visualized Experiments) ғылыми-білім беру платформасының үйлестірушісі Мусатай Гүлденнің қатысуымен онлайн-кездесу өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты заманауи цифрлық білім беру ресурстарын оқу үдерісіне енгізу, JoVE платформасының бейнематериалдарын университет пәндерінің мазмұнына кіріктіру және тәжірибеге бағытталған оқытудың мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін талқылау болды.
JoVE (Journal of Visualized Experiments) - ғылыми зерттеулерді, зертханалық тәжірибелерді және білім беру тұжырымдамаларын бейнеформатта ұсынатын халықаралық ғылыми-білім беру платформасы. Платформада 30 000-нан астам ғылыми және білім беру бейнематериалдары жинақталған. JoVE ресурстары әлемнің 1800-ден астам университеті мен ұйымында қолданылады. Платформаның басты ерекшелігі күрделі ғылыми үдерістерді, эксперименттер мен зерттеу әдістерін көрнекі түрде түсіндіру арқылы білім алушылардың оқу материалын терең меңгеруіне ықпал етуі болып табылады.

Кездесу барысында География және табиғатты пайдалану факультетінің білім беру бағдарламаларына сәйкес келетін ресурстарға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, қоршаған орта туралы ғылымдар (Environmental Sciences), Жер туралы ғылымдар (Earth Sciences) бағыттарындағы материалдар, сондай-ақ бизнес және маркетинг салаларындағы жекелеген тақырыптарды оқытуда платформаның мүмкіндіктерін пайдалану мәселелері қарастырылды.
Тараптар JoVE ресурстарын оқу пәндеріне енгізудің бірнеше форматын талқылады. Олардың қатарында тақырыптық бейнематериалдарды дәріс және практикалық сабақтарға енгізу, студенттердің өзіндік жұмысына арналған ғылыми демонстрацияларды пайдалану, аралас оқытуды ұйымдастыру және «төңкерілген сынып» (Flipped Classroom) технологиясын қолдану мүмкіндіктері бар.

JoVE материалдарын Moodle қашықтан оқыту жүйесіне интеграциялау мүмкіндіктері кездесудің маңызды мәселелерінің бірі болды. Электрондық курстарға бейнематериалдарды орналастыру, тақырыптық ресурстарды жүйелеу, оларды оқу тапсырмаларымен және білім нәтижелерін бағалау құралдарымен байланыстыру жолдары талқыланды.
Сонымен қатар платформадағы білім беру ресурстарын пәндердің силлабустарына, оқу нәтижелеріне және сабақ тақырыптарына сәйкестендіріп таңдау мүмкіндіктері қарастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша факультеттің білім беру бағдарламаларына сәйкес келетін JoVE материалдарын зерделеу, оларды Moodle жүйесіне енгізудің ұйымдастырушылық және техникалық шарттарын қарастыру, сондай-ақ оқытушылардың оқу үдерісінде пайдалану мүмкіндіктерін бағалау бағыттары айқындалды.
Мұндай кездесулер халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге, инновациялық білім беру технологияларын енгізуге және мамандарды даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді.