«ЖАҺАНДЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ СИНДРОМДАР» — МАРБУРГ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ (ГЕРМАНИЯ) ПРОФЕССОРЫ КРИСТИАН ОППТЫҢ КӨШБАСШЫЛЫҚ ДӘРІСІ — ҚазҰУ

«ЖАҺАНДЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ СИНДРОМДАР» — МАРБУРГ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ (ГЕРМАНИЯ) ПРОФЕССОРЫ КРИСТИАН ОППТЫҢ КӨШБАСШЫЛЫҚ ДӘРІСІ

5 қараша 2026
«ЖАҺАНДЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ СИНДРОМДАР» — МАРБУРГ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ (ГЕРМАНИЯ) ПРОФЕССОРЫ КРИСТИАН ОППТЫҢ КӨШБАСШЫЛЫҚ ДӘРІСІ

2026 жылғы 5 қараша. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Regenerative Tourism Education, Climate Adaptation, and Regional Perspectives» халықаралық жобалық семинары аясында Марбург университетінің профессоры Кристиан Опптың (Christian Opp) «Global Environmental Syndromes» («Жаһандық экологиялық синдромдар») тақырыбында дәрістер топтамасы өтті.

Дәрістің бірінші бөлімінде профессор жаһандық экологиялық синдромдардың жалпы тұжырымдамасын таныстырды. Аталған синдромдар — адамзаттың шаруашылық қызметі мен табиғи үдерістердің әсерінен қалыптасатын қоғам мен қоршаған орта арасындағы өзара әрекеттесудің тұрақты үлгілері. Мысал ретінде «Жасыл революция» синдромы, Сахель синдромы, ластанған жерлер синдромы, жаппай туризм синдромы және «Шаңды боран» (Dust Bowl) синдромы сияқты түрлі экологиялық құбылыстар мен мәселелер қарастырылды. Орталық Азияның экологиялық сын-қатерлеріне ерекше назар аударылды.

Дәрістің екінші бөлімінде Кристиан Опп Арал теңізі синдромын, ал үшінші бөлімінде өңір контексіндегі «Шаңды боран» (Dust Bowl) синдромын қарастырды. Бұл мысалдар табиғи ресурстарды ұтымсыз пайдаланудың салдарына, жердің тозуына, су ресурстарының өзгеруіне және табиғи аумақтарды жауапкершілікпен басқару қажеттілігіне назар аударуға мүмкіндік береді.

Дәріс тақырыбы Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарымен, әсіресе 6-мақсатпен (Таза су және санитария), 13-мақсатпен (Климаттың өзгеруіне қарсы күрес) және 15-мақсатпен (Құрлық экожүйелерін сақтау) тығыз байланысты.

Осындай экологиялық мәселелерді зерделеу климаттың өзгеруіне бейімделу және регенеративті туризмді дамыту бағытында ғылыми негізделген тәсілдерді қалыптастыру үшін маңызды. Профессордың баяндамасы семинар аясындағы ғылыми тәжірибе алмасудың маңызды бөлігіне айналып, Орталық Азияның экологиялық сын-қатерлері мен тұрақты даму перспективаларын талқылау мақсатында зерттеушілер мен академиялық қауымдастық өкілдерін біріктірді.