«Аквакультураның бүгіні мен болашағы» – жастарға жаңа мүмкіндік! — ҚазҰУ

«Аквакультураның бүгіні мен болашағы» – жастарға жаңа мүмкіндік!

5 қараша 2026
«Аквакультураның бүгіні мен болашағы» – жастарға жаңа мүмкіндік!

2026 жылдың 5 қарашасында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (ҚазҰАЗУ) мен «Балық мектебі» ЖШС-нің бірлескен ұйымдастыруымен «Аквакультураның бүгіні мен болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік олимпиада өтті.

Білім сайысына 5 команда қатысып, тест тапсырмаларын орындап, шығармашылық эссе жазып, инновациялық жобаларын қорғады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) Биология және биотехнология факультетінің 3-курс студенттері Айликов Шынтас, Айнақұлов Димаш, Абаева Амира және Максотова Асылай кафедраның ассистент-профессоры, PhD Кегенова Гүлнар Болатқызының жетекшілігімен университетіміздің намысын абыроймен қорғады.

Олимпиада қорытындысы бойынша Айликов Шынтас жүлделі II орынға ие болып, бір жыл бойы ай сайын 30 000 теңге көлемінде шәкіртақы иеленді!

Жастардың аквакультура саласына қызығушылығын арттырып, ғылым, білім және кәсіпкерлік арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған осындай маңызды іс-шараны ұйымдастырған ҚазҰАЗУ ұжымына, бастаманың қолдаушысы әрі демеушісі Тұрсынәлі Марлен мырзаға және «Балық мектебі» ЖШС командасына шынайы алғысымызды білдіреміз!

Студенттерімізді құттықтап, алдағы ғылыми ізденістеріне толағай табыс тілейміз! Аквакультураның болашағы – білімді, ізденімпаз жастардың қолында!

 

Зоология, гистология және цитология кафедрасының 

ассистент-профессоры, PhD Кегенова Г.Б.