Шығыстану факультетінде Қазақстан Республикасының I дәрежелі Төтенше және Өкілетті Елшісі Берік Арынның көшбасшылық дәрісі өтті — ҚазҰУ

Шығыстану факультетінде Қазақстан Республикасының I дәрежелі Төтенше және Өкілетті Елшісі Берік Арынның көшбасшылық дәрісі өтті

6 қараша 2026
Шығыстану факультетінде Қазақстан Республикасының I дәрежелі Төтенше және Өкілетті Елшісі Берік Арынның көшбасшылық дәрісі өтті

 

2026 жылғы 6 қараша күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде Қазақстан Республикасының I дәрежелі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының (IOFS) Бас директоры, факультет түлегі Берік Сақбайұлы Арынның қатысуымен көшбасшылық дәрісі өтті.

«ИЫҰ және Орталық Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігі» тақырыбындағы дәріске Шығыстану және Халықаралық қатынастар факультеттерінің декандары, декан орынбасарлары, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.

Дәріс барысында Берік Сақбайұлы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігінің өзекті мәселелеріне, Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, өңірлік азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етуге және халықаралық ұйымдардың осы бағыттағы рөліне тоқталды. Сонымен қатар, өзінің дипломатиялық және басқарушылық қызметтегі тәжірибесімен бөлісіп, халықаралық деңгейде кәсіби қызмет атқару үшін стратегиялық ойлау, тілдік құзыреттілік пен кәсіби біліктіліктің маңыздылығын атап өтті.

Кездесудің ерекше сәттерінің бірі – Берік Сақбайұлының өзі білім алған факультетке және кезінде дәріс берген ұстаздарына алғысын білдіруі болды. Ол университет қабырғасында алған білімінің, ұстаздарының тәлім-тәрбиесі мен қолдауының кәсіби қалыптасуындағы орнын ерекше атап өтті. Бұл – ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі.

Кездесу соңында студенттер мен оқытушылар қонаққа сұрақтарын қойып, халықаралық дипломатия, өңірлік қауіпсіздік және жас мамандардың кәсіби мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.

Берік Сақбайұлы Арынның кәсіби жолы мен халықаралық деңгейдегі жетістіктері – бүгінгі білім алушылар үшін тағылымды үлгі. Шығыстану факультеті өз түлегінің осындай биік белестерді бағындырып, халықаралық аренада Қазақстанның мүддесіне қызмет етіп жүргенін мақтан тұтады. Мұндай кездесулер білім мен тәжірибе сабақтастығын нығайтып, жас ұрпақтың кәсіби дамуына бағыт-бағдар береді.