География және табиғатты пайдалану факультетінде Ғылыми кеңестің үшінші отырысы өтті — ҚазҰУ

География және табиғатты пайдалану факультетінде Ғылыми кеңестің үшінші отырысы өтті

30 қазан 2026
География және табиғатты пайдалану факультетінде Ғылыми кеңестің үшінші отырысы өтті

2026 жылғы 30 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінде Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті.

Отырыс барысында факультет деканы Актымбаева А.С. Ғылыми кеңес мүшелерін Университеттің Ғылыми кеңесінде қаралған негізгі мәселелермен таныстырып, қабылданған шешімдерді факультет деңгейінде жүзеге асыру міндеттеріне тоқталды. Атап айтқанда, ҚазҰУ-дың 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының негізгі бағыттары, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру, академиялық жетістіктерді нығайту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, цифрлық трансформация және тұрақты даму мәселелері қарастырылды. Университеттің халықаралық рейтингтердегі орнын нығайтуға бағытталған стратегиялық көрсеткіштерге қол жеткізудің маңыздылығы атап өтілді.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі ҚазҰУ-дың Sci Office ақпараттық жүйесінің қызметін ұйымдастыру және оның негізгі міндеттері болды. Бұл мәселе бойынша деканның ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Тұрсынғали М.Н. ақпарат берді. Ол Sci Office платформасының ғылыми қызметкерлердің, зерттеушілер мен докторанттардың ғылыми жарияланымдары, жобалары және жетістіктері туралы мәліметтерді бірыңғай цифрлық жүйеде жинақтауға мүмкіндік беретінін түсіндірді. Сонымен қатар ғылыми қызметтің нәтижелілігін талдау, зерттеушілердің ғылыми профильдерін қалыптастыру және ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері қарастырылды.

Сонымен қатар факультеттің перспективалық ғылыми бағыттарын айқындау, ғылыми мектептерді дамыту, жас ғалымдарды тарту және ғылыми әлеуетті нығайту мәселелері талқыланды. Студенттердің AI-Sana бағдарламасының III кезеңіне қатысуы үшін жобалық командалар қалыптастыру қажеттілігі де атап өтілді. 

Ғылыми кеңесте Coursera платформасындағы жаппай ашық онлайн-курстарды білім беру үдерісіне интеграциялау, 2026–2027 оқу жылына арналған индикативті жоспарлау жүйесі мен KPI көрсеткіштерін енгізу барысы, шетелдік профессордың дәрістерін қашықтықтан ұйымдастыру, сондай-ақ докторанттардың диссертациялық тақырыптары мен ғылыми жетекшілеріне қатысты мәселелер қаралды.

Отырыс аясында Рекреациялық география және туризм кафедрасының 70 жасқа толған мерейтой иелері Маржангүл Іңкәрбекқызы Жылқыбаева мен Александр Михайлович Артемьевке құрмет көрсетілді. Университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Ж.Қ. Түймебаевтың атынан мерейтой иелеріне құттықтау хаттары табысталып, олардың университет пен Қазақстандағы туризм саласындағы білім беруді дамытуға қосқан елеулі үлесі атап өтілді. Кәсіподақ комитеті естелік сыйлықтар табыстап, әріптестері олардың өмірі мен кәсіби қызметіне арналған бейнепрезентациялар көрсетті.

Ғылыми кеңестің қорытындысында қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, факультеттің ғылыми және білім беру қызметін одан әрі дамытуға бағытталған міндеттер айқындалды.