ICESCO бас директоры ҚазҰУ-да көшбасшылық дәріс оқыды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ислам әлемі білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ICESCO) бас директоры Сәлім әл-Мәлік «ICESCO мен ҚазҰУ байланысы: әл-Фараби мұрасын зерттеу мен дәріптеудегі екі тараптың рөлі мен маңызы» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды.
Іс-шара басында дәріскер Сәлім әл-Мәлікке ұйым мен университет арасындағы әріптестікті нығайтқаны үшін ҚазҰУ-дың «Құрметті профессоры» атағы салтанатты түрде берілді.

Құрметті қонақты қарсы ала отырып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев университет пен ICESCO арасындағы әріптестіктің негізгі кезеңдеріне тоқталды. 2023 жылғы қазанда әл-Фараби мұрасына арналған халықаралық конференция өтті. 2025 жылдың маусым айында тараптар білім, ғылым, жасанды интеллект және жастарды қолдау бағытында бірлескен жобаларды талқылады. Осы жұмыстың жалғасы ретінде 2026 жылдың 21 қыркүйек күні «ICESCO – Әл-Фараби» ғылыми дипломатия орталығын құру туралы меморандумға қол қойылды.
«ICESCO-мен әріптестік университетімізге халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейтуге, ортақ зерттеулерді дамытуға, білім мен инновация саласында озық тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді ректор.

Көшбасшылық дәріс ICESCO мен ҚазҰУ ынтымақтастығының әл-Фараби мұрасын зерттеу мен оны әлемдік деңгейде дәріптеудегі маңызына арналды. ICESCO бас директоры Сәлім әл-Мәлік әл-Фарабидің еңбектері мен ілімі тек өткеннің мұрасы емес, XXI ғасырдағы адамзатты толғандырған өзекті мәселелерге жауап беретін рухани құндылық деп атады. Дәріскер университет пен ұйым арасындағы серіктестіктің жалғасып, тереңдей түскенін алға тартты. Сондай-ақ өзіне берілген құрметті профессор атағын «әл-Фарабидің ілімін болашақ ұрпаққа жеткізу аманаты» ретінде қабылдайтынын жеткізді.

Баяндамашы білім берудің мақсаттарына ерекше назар аударды. «Интеллектуалдық жетістік қоғамның әл-ауқатына қосқан үлесі арқылы мәнге ие болады», – деді ұйым басшысы.

Іс-шара соңында тыңдаушылар ғалымға сұрақ қойып, мазмұнды әрі жан-жақты жауап алды.








Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар