ҚазҰУ-да әл-Фарабидің теориялық және практикалық даналығы талқыланды
2026 жылғы 6 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Теориялық және практикалық даналықтың дамуындағы әл-Фарабидің орны» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шара ҚазҰУ мен Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ICESCO) бірлесіп ұйымдастырған «Әл-Фараби және оның адамзат тарихына қосқан үлесі» атты ІІ халықаралық конференция аясында өткізілді.
Ғылыми басқосу 2027 жылғы 21–22 қаңтарда Иран Ислам Республикасының Құм қаласында өтетін халықаралық конференция Секретариатының алғашқы отырысына арналды. Кездесудің басты мақсаты – Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми-философиялық мұрасын жан-жақты зерделеу, оның қазіргі қоғамдағы маңызын айқындау және Қазақстан мен Иран арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайту.
Дөңгелек үстелге ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің деканы, қауымдастырылған профессор Бекжан Мейрбаев пен Тегеран университетінің профессоры Хамид Мохамед Реза Парсаниа модераторлық етті. Қазақстандағы Иран Ислам Республикасының Бас консулы Сона Ахмади қатысушыларға құттықтау сөз арнап, ғылыми байланысты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Жиын барысында профессор Хамид Мохамед Реза Парсаниа ұлы ойшылдың сан қырлы тұлғасы мен ғылыми еңбектерін тарих, философия, мәдениет және өзге де ғылым салаларының тоғысында кешенді түрде зерттеу маңызды екенін атап өтті. Халықаралық «Әл-Мустафа» университетінің доценті Реза Мохаммад Али Азариян әл-Фараби мұрасының философиялық қана емес, саяси және мәдени тұрғыдан да зерттелуіне тоқталды. Бакир әл-Улум университетінің профессоры Мохаммад Махди Мосаеб Горджиян Фараби философиясы бағыттарында бірлескен ғылыми жобаларды дамыту туралы ұсыныс білдірді. Сонымен қатар халықаралық зерттеушілер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мен ғылыми тәжірибе алмасудың маңыздылығына назар аударды.
Ғылыми талқылауға Тегеран университетінің профессоры Али Нематолла Пурманд, ҚазҰУ Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, профессор Айнұр Құрманалиева, Иран консулдығының мәдениет мәселелері жөніндегі атташесі Мухаммед Масуд Садеги, ҚазҰУ қауымдастырылған профессоры Мира Балтымова және зерттеуші Захра Хаджи Шахкарам қатысты.
Дөңгелек үстелде әл-Фарабидің теориялық және практикалық даналық туралы тұжырымдары, философиялық идеяларының қазіргі қоғамдағы өзектілігі және халықаралық ғылыми зерттеулерді дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ алдағы Құм конференциясына дайындық жұмыстары қарастырылып, жиын қорытындысында қарар қабылданды. Аталған кездесу Қазақстан мен Иран арасындағы ғылыми байланысты нығайтуға, бірлескен зерттеулерді дамытуға және әл-Фарабидің бай мұрасын халықаралық ғылыми кеңістікте кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды алаң болды.

Басқа жаңалықтар