Академик Амангельды Бисенбаев «әл-Фараби» күміс медалімен марапатталды — ҚазҰУ

Академик Амангельды Бисенбаев «әл-Фараби» күміс медалімен марапатталды

5 қараша 2026
Академик Амангельды Бисенбаев «әл-Фараби» күміс медалімен марапатталды

Биология ғылымдарының докторы, молекулалық биология және генетика кафедрасының профессоры, ҚР ҰҒА академигі Бисенбаев Амангельды Қуанбаевич Қазақ ұлттық университетінің «әл-Фараби» күміс медалімен марапатталды. 5 қарашада ғалымды мерейтойымен ҚазҰУ кәсіподағы құттықтады.

Бұл марапат Амангельды Қуанбаевичтің ғылымды дамытуға және жоғары білікті мамандар даярлауға қосқан елеулі үлесін айғақтайды. Ол 1966 жылы дүниеге келген. 1990 жылы ҚазМУ-ды «Молекулалық биология» мамандығы бойынша тәмамдап, генетика кафедрасының аспирантурасына оқуға түсті. 1994 жылы бидай дәнінің алейрон қабатында гибберелл қышқылының α-амилазаның синтезі мен секрециясына әсер етуінің биохимиялық механизмдері тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. 1999 жылы доцент ғылыми атағын алды, ал 2010 жылы биохимия мамандығы бойынша докторлық диссертациясын қорғады. 2012 жылы ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, 2017 жылы академигі болып сайланды.

Ғалым университетте 1993 жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында оқытушы, аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарып, 2011 жылдан бастап молекулалық биология және генетика кафедрасының профессоры қызметін атқарып келеді. 2000 жылдан бері ҚазҰУ жанындағы Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институтын қоса атқарушы ретінде басқарады. 2015–2017 жылдары «Өмір туралы ғылымдар» басымдығы бойынша Ұлттық ғылыми кеңестің құрамында болды. 2014 жылдан бері «Биология», «Биотехнология» және «Геоботаника» мамандықтары бойынша PhD дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық кеңесті басқарады. Сонымен қатар «ҚазҰУ хабаршысы. Биология сериясы» журналының ғылыми редакторы, бірқатар ғылыми журналдардың редакциялық алқасының мүшесі және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры болып табылады.

Амангельды Қуанбайұлының еңбегі бұған дейін де мемлекеттік наградалармен жоғары бағаланған. Ол екі мәрте «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанды (2007, 2020). 2008 жылы Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгімен, 2018 жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, 2022 жылы «Құрмет» орденімен, ал 2026 жылы «Сәтбаев» орденімен марапатталды.

Ғалым ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылыми жобаларына жетекшілік етеді. Кафедрада гендер белсенділігін реттеудің молекулалық-генетикалық механизмдері мен гендік инженерия бағытындағы зерттеулердің дамуына үлес қосып келеді. Бакалавриат, магистратура және докторантура білім алушыларына «Молекулалық биология», «Гендік инженерия», «Эволюциялық биология», «Рекомбинантты ДНҚ-технологиялары» және басқа да пәндерден дәріс оқиды. Ғалымның 250-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбегі жарық көрген. Оның жетекшілігімен бір кандидаттық және алты PhD докторлық диссертация қорғалды. Жыл сайын оның ғылыми жетекшілігімен магистранттар, докторанттар және бакалавриат түлектері ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындайды.

ҚазҰУ кәсіподағы Амангельды Қуанбаевичті мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, жаңа ғылыми жетістіктер мен дарынды шәкірттер тілейді.