ҚазҰУ-де өткен халықаралық семинарда климаттың өзгеруінің өзекті мәселелері талқыланды — ҚазҰУ

ҚазҰУ-де өткен халықаралық семинарда климаттың өзгеруінің өзекті мәселелері талқыланды

6 қараша 2026
ҚазҰУ-де өткен халықаралық семинарда климаттың өзгеруінің өзекті мәселелері талқыланды

2026 жылғы 5 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінде «Регенеративті туризм саласындағы білім беру, климаттың өзгеруіне бейімделу және өңірлік перспективалар» (Regenerative Tourism Education, Climate Adaptation, and Regional Perspectives) тақырыбында халықаралық ғылыми-жобалық семинар өтті.

Іс-шара Германияның академиялық алмасу қызметі (DAAD) қаржыландыратын «Регенеративті туризм саласындағы білім беруді дамыту: Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказда климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша трансұлттық университеттік әріптестік» халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылды. Семинар Қазақстан, Германия, Әзербайжан және Тәжікстан елдерінің ғылыми және академиялық қауымдастық өкілдерін біріктіріп, климаттың өзгеруі, экологиялық тұрақтылық, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және регенеративті туризмді дамыту мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.

Іс-шара барысында өңірлердің климаттық өзгерістерге бейімделуі, табиғи және экологиялық тәуекелдерді бағалау, табиғи экожүйелерді сақтау, сондай-ақ аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында заманауи ғылыми тәсілдер мен технологияларды қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Халықаралық семинар жұмысына География және табиғатты пайдалану факультетінің Метеорология және гидрология кафедрасының докторанттары Махамбетова Меруерт пен Мусралинова Гульнур белсенді қатысып, климаттың өзгеруі, табиғи және экологиялық тәуекелдерді бағалау, сондай-ақ атмосфералық ауаның жай-күйін зерттеу бағыттарындағы ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды.

Махамбетова Меруерт «Климаттың өзгеруі жағдайында табиғи өрттердің туындауына бейімділікті бағалау» (Assessment of Wildfire Susceptibility under Climate Change) тақырыбында ғылыми баяндама жасады. Зерттеу климаттық параметрлердің өзгеруі жағдайында табиғи аумақтарда өрттердің пайда болу ықтималдығын бағалаудың өзекті мәселелеріне арналды. Аталған зерттеу бағыты климаттық факторларға байланысты табиғи тәуекелдерді түсіну, экожүйелердің тұрақтылығын арттыру және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу тәсілдерін жетілдіру тұрғысынан маңызды болып табылады.

Мусралинова Гүльнур «Өңірлік климаттың өзгеруі жағдайындағы Атырау облысының ауа сапасы» (Air Quality in the Atyrau Region in the Context of Regional Climate Change) тақырыбында ғылыми баяндама ұсынды. Баяндама атмосфералық ауаның жай-күйін өңірлік климаттық өзгерістер тұрғысынан зерттеу мәселелеріне арналды. Бұл тақырыптың өзектілігі аумақтардың экологиялық жағдайын кешенді бағалау, климаттық үдерістер мен атмосфералық ауа сапасы арасындағы өзара байланыстарды зерттеу, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау шараларын ғылыми тұрғыдан негіздеу қажеттілігімен айқындалады. Ұсынылған ғылыми зерттеулер табиғи аумақтардың осалдығын бағалау, өңірлердің экологиялық тұрақтылығын арттыру, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша ғылыми негізделген тәсілдерді әзірлеу үшін климаттық және экологиялық үдерістерді кешенді зерттеудің маңыздылығын көрсетті.

Семинар барысында тұрақты туризмді дамыту, климаттық өзгерістердің табиғи экожүйелерге әсері, геоақпараттық технологиялар мен Жерді қашықтан зондтау әдістерін қолдану, сондай-ақ экологиялық зерттеулер саласындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың перспективалары қарастырылды.

Осындай халықаралық іс-шараларды өткізу жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыруға, пәнаралық өзара іс-қимылды дамытуға және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің климатология мен экологиялық тұрақтылық салаларындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастығын кеңейтуге ықпал етеді.