Желтоқсан оқиғасына 30 жыл

27 қазан, 2016

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Әл-Фараби» атындағы кітапханасында Қазақстан республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен 1986 жылғы желтоқсанның 30 жылдығына арналған форум-конференциясы өтті.

Форум-барысында сөз сөйлеген филология және әлем тілдері факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлы атап өткеніндей, 1986 жылы желтоқсанның мұзға жаққан алауы 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздік таңын тудырды. «Бұл бір ұлы тарихи сәт. Бүгінгі біздің форум-конференциямызда осы бір қос тарихи оқиғалардың бір-бірімен тығыз байланыстығын атап өткен ләзім. Қазақ елінің тарихында осы бір ұлы сәттер ешқашан ұмытылмақ емес. Тәуелсіздік халықтың үні, ұлттың тілі мен діні, тәуелсіздік халықтың тойы, елдің тойы, ұлттың тойы», - деді Ө. Әбдиманұлы.

Форум жұмысына Бостандық ауданы әкімінің орынбасары С. Ағыбаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Н. Жаманбалаева, "Желтоқсан қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Н. Қуаңбаев, республикалық "Желтоқсан-86 -Тәуелсіздік қырандары" Халық қаһармандары қозғалысы" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Г. Жүніс, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Желтоқсанның 30 жылдығы қарсаңында университетте өткізілген конференция студент жастарды патриоттық рух пен отан сүйгіштікке баулуға бағытталған шаралардың бірі. Онда тарих, журналистика, филология және басқа да факультеттердің студенттері баяндамалары мен желтоқсан оқиғаларының батырларына арналған өлеңдерін оқыды. Конференцияның қонағы болған желтоқсандықтар көпшілік алдында кеңес өкіметі кезінде бастап кешкен деректерді келтіріп өз ойларымен бөлісті.