- Басты бет
- Жаңалықтар
- Құқықтық сауаттылық – қауіпсіздік кепілі: Тарих факультетінде тәрбиелік диалог алаңы өтті
Құқықтық сауаттылық – қауіпсіздік кепілі: Тарих факультетінде тәрбиелік диалог алаңы өтті
2026 жылдың 28 қазаны күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультетінің ғимаратында (№4-1 дәрісхана) мемлекеттік ауқымдағы «Заң мен тәртіп» қағидатын жастар арасында терең дәріптеу мақсатында «Құқықтық сауаттылық – қауіпсіздік кепілі» атты кеңейтілген тәрбиелік-құқықтық кездесу өтті. Шараны факультет деканаты ұйымдастырып, оны Тарих факультеті деканының оқу және әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Жазира Махмұдқызы Терекбаева тікелей жүргізді. Кездесуге факультеттің профессор-оқытушылар құрамы, куратор-эдвайзерлер және 1–4 курс бакалавриат бағдарламасының студенттері қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты — білім алушы жастардың құқықтық санасы мен мәдениетін көтеру, қоғамда орын алатын түрлі заң бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» ұстанымын қалыптастыру және оқу ордасы мен одан тыс аумақта жеке қауіпсіздік талаптарын сақтауды қамтамасыз ету.
Кездесу барысында Ж.М. Терекбаева келесі өзекті бағыттар бойынша жан-жақты баяндама жасап, тәжірибелік мысалдарды талдады:
Академиялық адалдық және оқу тәртібі: Студенттердің оқу процесіндегі этикалық мінез-құлық нормалары, аралық және қорытынды емтихандар кезіндегі ережелер, плагиатқа жол бермеу талаптары мен академиялық жауапкершілік мәселелері нақтыланды.
Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік: Жастар арасында жиі кездесетін қоғамдық орындарда тәртіп бұзу, ұсақ бұзақылық, түнгі уақытта қоғамдық тыныштықты бұзудың құқықтық салдары мен Қазақстан Республикасы заңнамаларында көзделген жауапкершілік нормалары түсіндірілді.
Киберқауіпсіздік және интернет-алаяқтық: Қазіргі цифрлық кеңістікте белең алып жатқан қаржылық пирамидалар, банктік шоттар мен карталарды заңсыз пайдалану (дропперлік қызметке тартылу қаупі) және жеке деректерді қорғау тәсілдері қаралды.
Зиянды әдеттер мен лудоманияның алдын алу: Жастар денсаулығына зиянды әдеттердің әсері, құмар ойындар мен онлайн-бәс тігуге (лудоманияға) салынудың заңдық және әлеуметтік зардаптары баса айтылды.
Жиын ашық диалог пен интерактивті пікірталас форматында жалғасты. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын еркін қойып, нақты өмірлік және заңнамалық кейстер бойынша тұшымды әрі мазмұнды кеңестер алды. Кездесу қорытындысы бойынша әрбір білім алушының қоғамдағы заң мен тәртіпті сақтаудағы жеке азаматтық жауапкершілігі зор екені атап өтілді.
Басқа жаңалықтар