Цифрлық дәуірдегі қаржыгердің логистика саласындағы рөлі
2026 жылғы 3 қарашада сағат 10:00-де Экономика және бизнес жоғары мектебінің № 1 дәріс залында «Бизнес-технологиялар» кафедрасының ұйымдастыруымен қонақ дәріс өтті. Дәрісті кафедра доценті Н.Х. Маулина өткізді.
Іс-шара қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылды. Дәрістің негізгі мақсаты – білім алушыларды қаржы және бизнес саласында тәжірибесі мол практик-мамандармен таныстыру, сондай-ақ тасымалдау және қойма инфрақұрылымын қаржыландыру үдерісіндегі қаржыгердің рөлі туралы білімдерін кеңейту.
Қонақ дәрістің тақырыбы – «Тасымалдау мен қойма инфрақұрылымын қаржыландыру: цифрлық дәуірдегі қаржыгердің логистикадағы рөлін айқындау».
Іс-шара барысында екі спикер мазмұнды баяндамалар жасады.
Алғашқы спикер – қаржыгер, сарапшы және бизнес-тренер Әсел Жарасқалиқызы «Тасымалдау бизнесін қаржыландыру: несие, лизинг және цифрлық банк құралдары» тақырыбында баяндама жасап, тасымалдау саласындағы кәсіпкерлікті қаржыландыру тетіктеріне, несие мен лизинг құралдарының ерекшеліктеріне, сондай-ақ заманауи цифрлық банктік шешімдердің мүмкіндіктеріне тоқталды.
Екінші спикер – Finance Hub компаниясының ипотекалық бизнес жөніндегі басқарушы директоры Алия Қанатқызы «Логистикалық инфрақұрылымға инвестиция: қоймалар, терминалдар және көлік активтері» тақырыбында сөз сөйлеп, логистикалық инфрақұрылымды дамытуға инвестиция тарту, қойма және терминал нысандарын қаржыландыру, көлік активтерін инвестициялық басқару мәселелерін қарастырды.
Дәріс соңында білім алушылар мен спикерлер арасында сұрақ-жауап ұйымдастырылып, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу өтті. Кездесу студенттерге қаржы құралдарын логистика саласында қолданудың практикалық қырларын түсінуге және болашақ кәсіби қызметіне қажетті білімдерін тереңдетуге мүмкіндік берді.
Іс-шараны ұйымдастырушылар: «Бизнес-технологиялар» кафедрасының оқытушылары З.Б. Ахметова, Н.Х. Маулина, Д.А. Садыханова, Г.М. Мухамедиева және Л.М. Ибраева.
Басқа жаңалықтар