- Басты бет
- Ғылым
- ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДА САПАЛЫҚ ЗЕРТТЕУДІҢ ҚАТЫСЫМДЫҚ ӘДІСТЕРІ БОЙЫНША ВОРКШОП БАСТАЛДЫ
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДА САПАЛЫҚ ЗЕРТТЕУДІҢ ҚАТЫСЫМДЫҚ ӘДІСТЕРІ БОЙЫНША ВОРКШОП БАСТАЛДЫ
10 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сапалық зерттеудің қатысымдық әдістерін қолдануға арналған екі күндік ғылыми-зерттеу воркшопы басталды. Іс-шара әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасы мен Гонконг политехникалық университетінің Қолданбалы әлеуметтік ғылымдар департаменті (APSS PolyU) арасындағы академиялық ынтымақтастық аясында өткізілуде. Аталған академиялық ынтымақтастықты дамытуда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факцльтетінің әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының меңгерушісі, әлеуметтану ғылымдарың докторы, профессор Абдирайымова Гульмира Сериковнаның рөлі ерекше.
Воркшоп жоба жетекшісі, профессор Кристал Кванның (Professor Crystal Kwan) жетекшілігімен өтуде және қатысушылардың зерттеу құзыреттерін дамытуға, зерттеу әдіснамасын бірлесіп әзірлеуге, зерттеу сұрақтарын нақтылауға және сапалық деректерді жинау құралдарын дайындауға бағытталған. Негізгі назар зерттелетін қауымдастық өкілдерінің зерттеу үдерісіне белсенді қатысуын көздейтін қатысымдық зерттеу тәсілдерін қолдануға аударылуда.
Воркшоптың бірінші күнінде қатысушылар зерттеу жұмысының негізгі бағыттарын, зерттеу сұрақтарын тұжырымдау тәсілдерін және халықтың әртүрлі топтарының әлеуметтік тәжірибесін зерделеуде сапалық әдістерді қолдану ерекшеліктерін талқылады. Зерттеуге қатысушылардың жеке тәжірибесін, көзқарастары мен пікірлерін ескеру, сондай-ақ олардың өз ойларын еркін білдіруіне қолайлы жағдай жасау қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Бағдарламаның маңызды бөліктерінің бірі алдағы зерттеудің әдіснамалық және ұйымдастырушылық мәселелерін талқылау болды. Атап айтқанда, зерттеу іріктемесін қалыптастыру, қатысушыларды іріктеу критерийлерін анықтау және респонденттерді зерттеуге тарту тәсілдері қарастырылды. Сонымен қатар зерттеу материалдарын әзірлеуге, алдын ала нәтижелерді талқылауға және алынған ғылыми нәтижелерді таратуға үлес қоса алатын жастардың консультативтік тобын (Community Advisory Board) құру мүмкіндігі талқыланды.
Воркшоптың жеке бөлімі Photovoice әдісіне арналды. Бұл әдіс зерттеуге қатысушыларға өздерінің өмірлік тәжірибесін, көзқарастары мен түсініктерін фотосуреттер арқылы жеткізуге және олардың мазмұнын кейіннен талқылауға мүмкіндік береді. Практикалық жұмыс барысында фототапсырмаларды ұйымдастыру, жеке сұхбаттар мен топтық талқылаулар өткізу, сондай-ақ сапалық деректерді жинауға арналған жартылай құрылымдалған сұхбат нұсқаулығын әзірлеу тәсілдері қарастырылды. Қатысушылардың жеке тәжірибесін тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін, алдын ала қалыптасқан тұжырымдарды таңбайтын ашық зерттеу сұрақтарын құрастыруға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар зерттеу этикасы, құпиялылық, фотосуреттерді пайдалануға келісім алу және респонденттердің зерттеуге қауіпсіз қатысуын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Интерактивті жұмыс форматы ғылыми идеялармен алмасуға, зерттеу тәсілдерін бірлесіп талдауға және алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын нақтылауға мүмкіндік берді.
11 қарашада воркшоп коллаж әдісін қолдану арқылы деректер жинау хаттамасын әзірлеуге арналған практикалық жұмыстармен, сондай-ақ зерттеу міндеттерін бөлу және бірлескен жұмысты одан әрі үйлестіру мәселелерін талқылаумен жалғасады.
Воркшоптың өткізілуі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасы мен Гонконг политехникалық университетінің Қолданбалы әлеуметтік ғылымдар департаменті (APSS PolyU) арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, сапалық зерттеу саласындағы құзыреттерді дамытуға және өзекті әлеуметтік мәселелерді зерттеуде заманауи қатысымдық әдістерді қолдануға ықпал етеді.
Басқа жаңалықтар