- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Теңге – тәуелсіздік нышаны, қаржы – өркендеу тұғыры» тақырыбында ашық кураторлық сағат өтті
«Теңге – тәуелсіздік нышаны, қаржы – өркендеу тұғыры» тақырыбында ашық кураторлық сағат өтті
2026 жылғы 9 қарашада сағат 17:00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – Теңге күніне орай «Теңге – тәуелсіздік нышаны, қаржы – өркендеу тұғыры» тақырыбында ашық кураторлық сағат ұйымдастырылды.
Іс-шара «Қаржы және есеп» кафедрасының меңгерушісі, PhD, ассистент-профессор М.Ж. Дарибаеваның, кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Ж.К. Калымбекованың, экономика ғылымдарының кандидаты, ассистент-профессор Ж.К. Жорабаеваның, аға оқытушылар Ж.С. Мухамеджанова мен А.Ж. Кукиевтің жетекшілігімен «Қаржы» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттерінің қатысуымен өткізілді.
Аталған іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсаты – «Сапалы білім», 8-мақсаты – «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» және 17-мақсаты – «Тұрақты даму үшін серіктестік» бағыттарымен сабақтастырылды.
Ашық кураторлық сағаттың негізгі мақсаты – студенттердің ұлттық валютаның қалыптасу тарихы туралы білімдерін кеңейту, теңгенің еліміздің экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін түсіндіру, қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру және ұлттық құндылықтарға деген құрметін нығайту.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енгізілу тарихы, алғашқы банкноттардың ерекшеліктері, олардың дизайны мен қорғаныш элементтері, сондай-ақ ұлттық валютаның қазіргі кезеңдегі дамуы туралы ақпарат ұсынылды. Тақырыптық слайдтар арқылы теңгенің қалыптасу кезеңдері мен оның еліміздің қаржы жүйесіндегі маңызы таныстырылды.
Сонымен қатар ұлттық валютаның мемлекеттің экономикалық егемендігімен, қаржы жүйесінің тұрақтылығымен және халықтың күнделікті қаржылық өмірімен өзара байланысына назар аударылды. Студенттер үшін теңгенің тарихын білу тек тарихи танымды кеңейтіп қана қоймай, қаржылық мәдениетті қалыптастырудың маңызды құрамдас бөлігі екені атап өтілді.
Кураторлық сағаттың интерактивті бөлімінде студенттердің қаржылық білімдерін тексеру және логикалық ойлау қабілеттерін дамыту мақсатында «Қаржылық Quiz» интеллектуалдық викторинасы мен «Сәттілік жәшігі» танымдық ойыны ұйымдастырылды. Бұл тапсырмалар қатысушыларға өз білімдерін сынауға, қаржылық ұғымдарды еске түсіруге және белсенділік танытуға мүмкіндік берді.
Іс-шараның мәдени бағдарламасында студенттер ұлттық күйлер орындап, әсерлі әндер шырқап, қатысушыларға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады. Ұлттық өнер мен қаржылық білімді ұштастырған кездесу студенттердің шығармашылық қабілеттерін танытуына және өзара ынтымақтастығын нығайтуына ықпал етті.
Ашық кураторлық сағат ұлттық валютаның тәуелсіз мемлекет үшін маңызын түсіндіруге, жастардың қаржылық сауаттылығын дамытуға және білім беру үдерісінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.
Теңге – тәуелсіздігіміздің айқын нышаны, ал қаржылық білім – еліміздің тұрақты дамуы мен болашақ өркендеуінің маңызды негізі.
Теңгеміз тұғырлы, еліміз ғұмырлы болсын!
Басқа жаңалықтар