- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-да Цюрих университетінің профессоры Кристиан Хуггельдің қонақ дәрісі өтті
ҚазҰУ-да Цюрих университетінің профессоры Кристиан Хуггельдің қонақ дәрісі өтті
2026 жылғы 5 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінде Швейцарияның Цюрих университетінің профессоры Prof. Dr. Christian Huggel қатысуымен ашық қонақ дәрісі өтті.
.jpeg)
Дәрістің тақырыбы: «Блаттендегі (Швейцария) мұздық апаты: салдарын бағалау, табиғи қауіп-қатерлерді басқару және халықаралық тәжірибе».
Дәріс барысында профессор таулы аймақтарда орын алған табиғи апаттарға байланысты екі маңызды оқиғаның жан-жақты талдауын ұсынды. Атап айтқанда, Швейцариядағы Блаттен елді мекенінде болған апат және 2026 жылғы 26 тамызда Непалдың Расува аймағында орын алған тас-мұз көшкіні мен одан кейінгі су тасқыны қарастырылды. Ерекше назар аталған екі оқиғаны салыстырмалы талдауға, апатты процестердің даму механизмдеріне, олардың салдарына және табиғи қауіп-қатерлерді бағалау тәсілдеріне аударылды. Сонымен қатар профессор жоғары таулы аймақтардағы мониторинг жүйелерін, ерте ескерту тетіктерін және табиғи қауіп-қатерлерді басқару шараларын жетілдіру үшін осы оқиғалардан қандай ғылыми және практикалық сабақ алуға болатынын атап өтті.
Дәрістің жеке бөлімі халықаралық GLOF (Glacial Lake Outburst Floods – мұздық көлдердің жарылуынан болатын су тасқыны) жобасы аясындағы Алматы өңіріне арналды. Өңірдің таулы-географиялық ерекшеліктері, ықтимал табиғи қауіп-қатерлері және климаттық әрі гидрологиялық өзгерістер жағдайында оның тұрақтылығын арттыру үшін одан әрі зерттеулер жүргізудің өзектілігі қарастырылды.
.jpeg)
Дәріс факультет оқытушылары мен білім алушыларының қызығушылығын тудырып, таулы аймақтардағы табиғи қауіп-қатерлерді зерттеудің заманауи ғылыми тәсілдерін талқылауға және халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

Метеорология және гидрология кафедрасы профессор Кристиан Хуггельге мазмұнды дәрісі, ғылыми зерттеулерінің нәтижелерімен бөліскені және халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді.
Басқа жаңалықтар