- Басты бет
- Жаңалықтар
- Цукуба университеті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетіне жапон тілі оқулықтарын табыстады
Цукуба университеті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетіне жапон тілі оқулықтарын табыстады
2026 жылғы 10 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде Цукуба университетімен академиялық ынтымақтастық аясында жапон тілін оқытуға арналған 10 оқу құралын табыстау рәсімі өтті.
Салтанатты іс-шара барысында Цукуба университетінен арнайы шақырылған оқытушы PhD Такаши Ниномия оқу әдебиеттерін Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасына ресми түрде табыстады.
Табысталған оқу құралдары жапон тілін бастапқы деңгейде меңгеріп жүрген студенттердің тілдік даярлығын жүйелі түрде дамытуға бағытталған. Аталған материалдар грамматикалық құрылымдарды игеру, лексикалық қорды кеңейту, сондай-ақ оқылым, тыңдалым және ауызша коммуникация дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жапон тіліндегі түпнұсқалық оқу әдебиеттерін білім беру үдерісіне енгізу оқытудың мазмұндық және әдістемелік сапасын арттырып, студенттердің теориялық білімін практикалық тілдік дағдылармен ұштастыруға ықпал етеді.
Бұл бастама әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Цукуба университеті арасындағы академиялық серіктестікті нығайтудағы маңызды қадам болып табылады. Оқу-әдістемелік ресурстармен алмасу білім беру тәжірибесін жетілдіруге, халықаралық академиялық тәжірибені оқу үдерісіне енгізуге және жапонтану саласындағы ғылыми-білім беру байланыстарын кеңейтуге негіз қалайды.
Шығыстану факультеті Цукуба университетіне және PhD Такаши Ниномияға академиялық ынтымақтастыққа қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді.
авторлар: Нурсеитова Лайла Дюсенгалиевна, PhD, аға оқытушы
Ниномия Такаши, PhD, аға оқытушы
.jpeg)
Басқа жаңалықтар