ҚазҰУ-да Еуразияның ежелгі тарихына арналған кітаптың тұсаукесері өтті
Ғылыми-көпшілік сипаттағы бұл еңбек патша скифтерінің шығу тегін, Парадат әулетінің қалыптасуын, сақ тайпаларының тарихи тағдырын және Парфия империясының құрылу кезеңдерін жан-жақты қамтиды.
Шараны ашқан ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев тарихи мұраны тану ұлттық сананы нығайтуда айрықша рөл атқаратынын атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Текті тарихын білетін, тамырын тереңнен тартатын ұлт қана мықты мемлекет құра алады», – деп атап өткен болатын.

Осы тұрғыда бүгінгі жиынның ғылыми әрі танымдық мәні ерекше. Рахман Алшанов – ҚазҰУ түлегі, елімізге белгілі қоғам қайраткері әрі ғалым. Оның бұл сүбелі еңбегі – Еуразия кеңістігіндегі көне өркениеттердің сабақтастығын пайымдайтын бірегей зерттеу», – деді ректор.

Жиында автор Рахман Алшанов еңбектің негізгі мазмұнына, дереккөздер базасына тоқталды. Еңбектің дереккөздер базасын антикалық дәуірдің жазба мұралары, көне эпикалық шығармалар, Геродот жазбалары, «Авеста» ескерткіші мен Фирдоусидің «Шахнаме» дастаны сынды құнды деректер құрайды. Автор оларды өзара сабақтастыра қарастыра отырып, көші-қон үдерістері, Тұранның тарихи географиясы мен өркениеттік байланыстарға қатысты пайымдарын ортаға салды.

Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, профессор Қансейіт Әбдезұлы, ҚазҰУ профессоры Аманжол Қалыш және өзге де ғалымдар сараптамалық баяндама жасап, сақ пен скиф тайпаларының тарихын зерделеуде жазба деректердің ғылыми маңызын талқылады.

Шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Тұран университеті бірлесіп ұйымдастырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі