Босфордан Ұлы далаға дейін: мәдениеттерді тоғыстырған өнер — ҚазҰУ

Босфордан Ұлы далаға дейін: мәдениеттерді тоғыстырған өнер

12 қараша 2026
Босфордан Ұлы далаға дейін: мәдениеттерді тоғыстырған өнер

2026 жылғы 10 қарашада Түріктану және шығыс елдерінің тарихы кафедра оқытушылары Алматы қаласындағы Түркия Республикасының Бас консулдығы ұйымдастырған «Су ізімен: Босфордан Ұлы далаға дейін» атты көркемсурет көрмесінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Түрік суретшісі Ахмет Өгретен 1965 жылы Анталия қаласында дүниеге келген. Көркемдік білімін арнайы өнер шеберханаларында жетілдіріп, 1995 жылы Мимар Синан атындағы университеттің Бейнелеу өнері факультетінің кескіндеме бөліміне оқуға түскен. Шығармашылығы акварельдік кескіндеме, графика, фотосурет және дәстүрлі түрік эбру өнерін қамтиды. Осы уақытқа дейін 11 жеке көрмесін өткізіп, 30-дан астам топтық көрмеге қатысқан. Сонымен қатар, жас суретшілерге арналған шеберлік сабақтарын өткізіп, кәсіби тәжірибесімен бөлісіп келеді.

 

Көрмеге қойылған туындылардың авторы түрік суретшісі Ахмет Өгретен. «Алматы Галерея» көрме залында өткен бұл мәдени іс-шара өнерді, тарихты және ортақ мәдени құндылықтарды тоғыстырған маңызды оқиға болды.

Көрме экспозициясы келушілерге суретшінің шығармашылық әлемімен танысуға, су, кеңістік және мәдени мұра ұғымдарының символдық байланысын Босфордан Ұлы даланың ұлан-ғайыр кеңістігіне дейінгі көркемдік пайым арқылы зерделеуге мүмкіндік берді.

Оқытушылар үшін бұл көрмеге қатысу заманауи бейнелеу өнерімен танысумен қатар, Түркия мен Қазақстан халықтарын байланыстыратын тарихи-мәдени сабақтастықты, түркі әлеміне ортақ рухани құндылықтар мен мәдени байланыстарды тереңірек тануға жол ашты.

Осы тамаша мәдени іс-шараның ұйымдастырылуы мен өткізілуіне қосқан үлесі үшін Туғба Алан Өзденфедакарға, сондай-ақ шақыруы, жылы қабылдауы және осындай маңызды мәдени оқиғаның бір бөлігі болуға мүмкіндік жасағаны үшін Алматы қаласындағы Түркия Республикасының Бас консулдығына шынайы алғысымызды білдіреміз!