Қиыр Шығыс кафедрасының студенттері корейтану бойынша халықаралық олимпиадаға қатысты. — ҚазҰУ

Қиыр Шығыс кафедрасының студенттері корейтану бойынша халықаралық олимпиадаға қатысты.

12 қараша 2026
Қиыр Шығыс кафедрасының студенттері корейтану бойынша халықаралық олимпиадаға қатысты.

АЛМАТЫ, ҚАЗАҚСТАН, 10-11 қараша 2026 жыл – Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде Орталық Еуразия корейтанушылар қауымдастығының (CEAKS) құрылтай жиналысы мен VIII Корейтану апталығы өтті. Бұл ауқымды іс-шара Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТҰ Корейтану орталығының ұйымдастыруымен, Корея қорының (Korea Foundation) және Алматыдағы Корея Республикасының Бас консулдығының қолдауымен жүзеге асты. Жиынға 8 қаладан және 16 университеттен барлығы 107 делегат, оның ішінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың корейтану бөлімінің оқытушы-профессорлары мен студенттері қатысты.

Іс-шараның негізгі бағыттары мен оқиғалары аясында Корейтану апталығы өтіп, онда 16-шы Орталық Азия корейтану олимпиадасы және ТМД елдерінің бакалавриат пен магистратура студенттеріне, сондай-ақ жас зерттеушілеріне арналған 11-ші ғылыми конференциясы ұйымдастырылды. Орталық Еуразия корейтанушылар қауымдастығының құрылтайында ұйымның көрінісі (vision) жарияланып, президенті сайланды, сондай-ақ ресми CI (корпоративтік стиль) мен платформаның тұсаукесері өтті. «KF Global e-School озық тәжірибелерімен бөлісу» сессиясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Шығыстану факультеті, Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі Абаған Ақерке Болатбекқызы баяндама оқыды. Сонымен қатар, Түркия мен Норвегия университеттерінің жетекші профессорлары арнайы дәрістер өткізді. Форум барысында Орталық Еуразиядағы корейтану зерттеулері мен білім беру саласындағы бірлескен желіні құру және ынтымақтастық стратегиялары кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТҰ-да өткен халықаралық олимпиадада 4-курс студенті Ерлікбай Амина «Ең үздік баяндама» номинациясын жеңіп алды. Оның жетекшісі профессор Сон Ю Джоңға ерекше алғыс білдіреміз.

Екі күнге созылған іс-шара қатысушылардың баяндамаларын тыңдау, жеңімпаздарды марапаттау және жабылу салтанатымен қорытындыланды.