ҚазҰУ студенттері «7 қарақшы» отандық фильмін тамашалады — ҚазҰУ

ҚазҰУ студенттері «7 қарақшы» отандық фильмін тамашалады

28 қыркүйек 2026
ҚазҰУ студенттері «7 қарақшы» отандық фильмін тамашалады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жоғары экономика және бизнес мектебі «Қаржы және есеп» кафедрасының аға оқытушысы, куратор-эдвайзер А.С. Кыздарбекованың жетекшілігімен «Қаржы» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсаты – «Сапалы білім» және 16-мақсаты – «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» аясында отандық «7 қарақшы» көркем фильмін тамашалау мақсатында кинотеатрға барды.

Мәдени-тәрбиелік іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, ұлттық кино өнеріне деген қызығушылығын арттыру, тарихи оқиғаларға сыни көзқараспен қарауға баулу, сондай-ақ отансүйгіштік, азаматтық жауапкершілік және өзара сыйластық қасиеттерін дамыту.

Режиссер Қуаныш Бейсек түсірген «7 қарақшы» фильмі 1978 жылғы оқиғаларға негізделген шытырман оқиғалы көркем туынды болып табылады. Фильм сюжетінде Семей ядролық полигонындағы қауіпті жарылыстың алдын алуға бағытталған құпия миссия баяндалады. Туындыда батылдық, жауапкершілік, адам өмірінің құндылығы, бірлік пен ортақ мақсат жолындағы күрес мәселелері көрініс табады.

Фильмнің мазмұны жастарды ел тарихына қызығушылық танытуға, бейбітшілік пен қауіпсіздіктің маңыздылығын түсінуге және қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілікті сезінуге жетелейді. Сонымен қатар отандық кинематография туындыларымен танысу студенттердің ұлттық мәдениетке деген құрметін арттыруға және эстетикалық талғамын қалыптастыруға ықпал етеді.

Аталған іс-шара БҰҰ-ның ТДМ 4 – «Сапалы білім» мақсатына сәйкес студенттердің формалды білім беру үдерісінен тыс танымдық көкжиегін кеңейтуге, мәдени сауаттылығын және сыни ойлау қабілетін дамытуға бағытталды.

Ал ТДМ 16 – «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» аясында фильмде қозғалған бейбітшілік, адам қауіпсіздігі, зорлық-зомбылықтың алдын алу және қоғамдық жауапкершілік мәселелерінің тәрбиелік маңызы ерекше атап өтіледі.

Сонымен қатар студенттердің куратор-эдвайзермен бірлесіп мәдени іс-шараларға қатысуы топ ішіндегі ынтымақтастықты нығайтуға, өзара қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға және жағымды психологиялық ахуалды дамытуға мүмкіндік береді.

Мұндай тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар университеттің білім беру қызметін рухани-мәдени дамумен ұштастырып, болашақ мамандардың жан-жақты, саналы әрі әлеуметтік жауапты тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді.

Іс-шараны ұйымдастырушы: «Қаржы және есеп» кафедрасының аға оқытушысы, куратор-эдвайзер А.С. Кыздарбекова.