Жуырда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партия фракциясының жетекшісі, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашевтың «Полемическая экономика» атты орыс тілінде жарық көрген жинағының тұсаукесері өтті.
Жинақта автор мақалалары, баяндамалары, 2011-2015 жылдар аралығындағы «Ақ Жол» ҚДП фракциясы жетекшісінің хаттары жарияланған. Университет студенттері және оқытушыларымен кездесуде автор «Ақ жол» партиясының ол келгенге дейін де бизнес партиясы ретінде танылғанын атап өтті. «Ең алдымен бұл кітап үлгілік құжаттар жинағы ретінде қызмет ете алады, оның көмегімен оқырмандар парламентте талқыланатын мәселелер мен үкіметке жіберілетін сауалнамаларын дұрыс қоюға және көптеген басқа да қажеттері үшін пайдалануына болады », – деді Азат Перуашев.
Кездесу барысында университет профессорлары да кітаптың идеясына қатысты пікірлерімен бөлісті. ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінің профессоры Мәлік Ауған: «Бұл жұмыс қаржы жүйесінің механизмдерін ашып, әлеуметтік маңызды сауалдар арасында байланыс орнатады және партияның шынайы қызметін ашып көрсетеді», – деп атап өтті.
Азат Перуашевтың еңбегі туралы ойларын жас буын өкілдері де жеткізді. «Кітапта елдің шағын және орта бизнес мәселелері жан-жақты көрсетіліп, қоғамның өзекті сауалдары қарастырылған. Әсіресе, жастарды жұмысқа орналастыру туралы «Өткен мен болашақ», «Ұлттық экономикаға қарай бағыт», кедендік процедуралар мен экономикалық құқық бұзушылыққа тосқауыл қою туралы мақалаларды ерекше атап өтуге болады. Бұл тақырыптар бойынша дипломдық және диссертациялық жұмыстар жазуға болатынына сенімдімін», – деді ҚазҰУ-дың экономика және бизнес жоғары мектебінің докторанты Асқар Әскеров.
Кездесуге келген қалың қауым депутатқа сұрақ қою мүмкіндігін де пайдаланып қалды. Білім алып жүрген студенттердің арасында жас кәсіпкерлер мен белсенді жастар өкілдері де болды. Оларды жетекші елдердің еңбек нарығының хал-ахуалы мен «Ақ жол» партиясының шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасындағы рөлі туралы сауалдарының жауаптары қызықтырды. Студенттер мен оқытушылардың көптеген сұрақтарына жауап берген Азат Перуашев кәсіпкерлікпен айналысып жүрген ҚазҰУ-дың 3 курс студентіне ҚДП партиясы мамандарынан кеңес алу қажеттігін айтып, жеке байланыс ақпаратымен алмасты.
Кездесу соңында ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаева құрметті қонаққа ризашылығын білдіріп, оқырмандар үшін автордың оншақты кітабының кітапханаға тапсырылатынын жеткізді.