Қаржылық сауаттылық — табысты болашақтың кепілі
12 қараша күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінде «Қаржылық сауаттылық — табысты болашақтың кепілі» тақырыбында семинар өтті. Оған «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» және «Мұнай химиясы» білім беру бағдарламаларының 3-курс студенттері қатысты. Кездесуді физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының профессоры, PhD, эдвайзер Тоштай Қ. ұйымдастырып, жүргізді.
Семинар студенттердің жеке қаржысын басқару дағдыларын дамытуға бағытталды. Кездесуде айлық бюджет құру, кіріс пен шығысты есепке алу, міндетті шығындарды анықтау және жинаққа қаражат бөлу жолдары қарастырылды. Қаржылық мақсатқа жету үшін қажетті соманы, жинақтау мерзімін және ай сайын бөлуге болатын қаражат көлемін алдын ала есептеудің маңызы түсіндірілді.
Қаржылық қызметтерді саналы таңдауға да назар аударылды. Банк өнімдерінің шарттарын салыстырғанда пайыздық мөлшерлемемен қатар комиссияны, төлем мерзімін және шартта көрсетілген міндеттемелерді ескеру қажеттігі айтылды.
Семинар БҰҰ-ның 8-тұрақты даму мақсаты — «Лайықты еңбек және экономикалық өсу» аясындағы қаржылық қызметтерге қолжетімділік бағытымен сабақтас. Іс-шара студенттерге осы қызметтердің шарттарын түсінуге және жеке қаржысына қатысты негізделген шешім қабылдауға қажетті білім беруге бағытталды.
физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының профессоры,
PhD, эдвайзер Тоштай Қ
Басқа жаңалықтар