- Басты бет
- Жаңалықтар
- Мектеп оқушыларына кәсіби бағыт бағдар беру және ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын дамыту
Мектеп оқушыларына кәсіби бағыт бағдар беру және ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын дамыту
2026 жылғы 13 қарашада сағат 09:00-де Химиялық физика және материалтану кафедрасының ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы №22 гимназияның 11-сынып оқушыларына арналған кәсіби бағдар беру кездесуі өткізілді.
Кездесу барысында оқушыларға факультеттің қызметі, оның құрылымдық бөлімшелері мен кафедралары, жүзеге асырылатын білім беру бағдарламалары, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарының басым бағыттары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Атап айтқанда, жаратылыстану ғылымдары саласындағы заманауи зерттеулер, наноматериалдар мен нанохимия бағыттарының ғылыми және практикалық маңыздылығы түсіндірілді.
Ерекше атап өтерлігі, «6B05311 – Наноматериалдар және нанохимия» білім беру бағдарламасына қызығушылық танытқан екі оқушы қазіргі уақытта Химиялық физика және материалтану кафедрасының меңгерушісі, Ж.Т. Тауановтың ғылыми жетекшілігімен жобалық-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Аталған жобаларды жүзеге асыруға №22 гимназияның химия пәнінің мұғалімі Н.Н. Мячина да белсенді түрде қатысуда.
Мектеп оқушыларының университет базасында ғылыми-зерттеу жұмыстарына ерте кезеңнен бастап тартылуы олардың ғылыми дүниетанымын қалыптастыруға, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға, сондай-ақ зерттеушілік құзыреттері мен практикалық дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай өзара іс-қимыл мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы білім беру сабақтастығын нығайтып, дарынды оқушылардың ғылыми әлеуетін ашуға мүмкіндік береді.
Аталған бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсаты – «Сапалы білім», 9-мақсаты – «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» және 17-мақсаты – «Тұрақты даму жолындағы әріптестік» басымдықтарымен үндеседі. Осы тұрғыдан алғанда, мектеп пен университет арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамыту жас ұрпақтың сапалы білім алуына, инновациялық ойлау қабілетінің қалыптасуына және ғылыми әлеуетінің артуына негіз болады.
Кездесудің басты мақсаты – оқушылардың жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылығын арттыру, оларды ғылыми-зерттеу қызметіне тарту, жоғары білім алу мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру және болашақ кәсіби бағдарын саналы түрде таңдауына ғылыми-әдістемелік әрі ақпараттық қолдау көрсету.
Жалпы, мұндай кәсіби бағдар беру кездесулері мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы өзара байланысты нығайтып қана қоймай, оқушылардың ғылыми-зерттеу қызметіне деген ынтасын арттыруға, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға, сондай-ақ болашақ ғылыми кадрларды даярлаудың бастапқы алғышарттарын қалыптастыруға ықпал етеді.
Химиялық физика және материалтану кафедрасының х.ғ.к., қауымдастырылған профессоры А.А. Омарова