Шанхай ынтымақтастығының векторы
Шанхайдың саяси-заңгерлік университетінің делегациясы Лиу Сиахонг президентінің бастауымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да болып қайтты.
ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов келген қонақтарды университеттің халықаралық деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялануымен, жаһандық ғылыми-білім кеңістігіне интеграцияланудың үздік тәжірибесімен және қол жеткізген жетістіктерімен таныстырды. Ректор атап өткеніндей, ҚазҰУ Қытайдың жетекші университеттерімен серіктестігін белсенді дамытып, жұмыстың стратегиялық бағыты болып табылатын халықаралық қарым-қатынастарын кеңейтуде.
Бір айта кетерлігі, ҚазҰУ Шанхай ынтымақтастық ұйымының жүйелік университеттер Консорциумына және Жібек жолы «The Silk-road Universities Network» (SUN) жүйелік университеттері Консорциумына мүше. Ұлттық университет дінтану, нанотехнологиялар, экология бағыттары бойынша консорциумының басты ЖОО болып табылады.
Өз кезегінде ҚазҰУ-дың мұражайларын аралап шыққан профессор Лиу Сиахонг ханым, Қазақстанның үздік университетінің қонақжайлылығына ризашылығын білдіріп, оның бай тарихына, оқу ордасының дамуына баға жетпес үлес қосып жатқан ғалымдардың еңбегіне, жасалып жатқан бүгінгі жұмыстарына жоғары баға берді.
Лиу Сиахонг өз университетінің тұсау кесіріп жасап, онда заң, саясаттану, экономика, басқару және тағы да басқа салалар бойынша маман даярлайтынын жеткізді. Шанхай саяси-заңгерлік университеті «Бір белдеу –Бір жол» жобасын жүзеге асыру үшін Қытайдың нормативтік-құқықтық негізін дайындайтын басты білім ордасы болып табылады. Он екі мың адам оқитын университетте шетелдік студеттерді дайындайтын халықаралық орталық жұмыс жасайды.
Кездесу барысында Лиу Сиахонг Шанхай саяси-заңгерлік университетінде қытай студенттері үшін қазақ тілін оқытатын бөлімшені ашу туралы мәселесін қарастырып, сонда-ақ бірлескен ғылыми зерттеулерді жүргізуге, академиялық алмасу мен ұтымды қарым-қатынастарды дамытуға дайын екендіктерін айтты.
Екі жақ жақын уақытта қайтадан бас қосып, университеттер арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы уағдаласты.
ҚазҰУ қоғаммен байланыс басқармасы 8(727)3773148