Алматы қаласында Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік органдарының, ғылыми және білім беру ұйымдарының өкілдерін біріктірген «Қазақстан – Сириус» III Таланттар саммиті аясындағы дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова, «Сириус» федералдық аумағы Кеңесінің төрағасы әрі «Талант және табыс» білім беру қорының басшысы Елена Владимировна Шмелева, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы Нүкенов, «Талант және табыс» білім беру қоры басшысының орынбасары әрі «Сириус» Ғылыми-технологиялық университетінің директоры Антон Сергеевич Гусев, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Асқар Серікұлы Жұмаділдаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Болат Анапияұлы Тлеп, сондай-ақ жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтар мен білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.
Дөңгелек үстелде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің атынан механика-математика факультетінің деканы Мадина Есімханқызы Мансурова қатысты.
Кездесу барысында «Қазақстан – Сириус» бірлескен жобасының іске асырылу барысы, білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты дамыту, дарынды оқушылар мен студенттерді қолдау, сондай-ақ бірлескен ғылыми-білім беру бастамаларын жүзеге асыру перспективалары талқыланды.
Дөңгелек үстел тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстарды нығайтуға және Қазақстан мен Ресейдің білім беру және ғылыми ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік берген маңызды алаң болды.
Ұйымдастырушылар мен қатысушыларға мазмұнды сұхбат және халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдіреміз!
Басқа жаңалықтар