әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасының электрондық залында студенттерге химия және химиялық технология факультетінің оқытушылары Р.Г. Рыскалиева, Б.Д. Балғышева., Л.К. Бейсембаева., Н.С. Далабаева және кітапхананың деректер әкімшісі Абдулла Нұрхан Мадиярұлы, есептеу орталығының қызметкері Орынбаева Айжан Сансызбайқызының ұйымдастыруымен «Кітап оқитын ұлт – ойлайтын ұлт. Цифрлық дәуірдегі кітаптың рөлі» атты танымдық-рухани кездесу өтті.
Шара барысында жастармен ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дамыған замандағы кітап оқу мәдениеті кеңінен талқыланды. Студенттер «Дәстүрлі кітап па, әлде электронды кітап па?» тақырыбында пікірталас жүргізіп, қағаз кітап пен электронды нұсқаның артықшылықтарын саралады.
Сондай-ақ, жастар «Кітап оқымай-ақ білімді болуға бола ма?» атты кейс-тапсырма аясында 300 беттік еңбектің орнына жасанды интеллект ұсынған қысқаша мазмұнды оқудың тиімділігі мен кемшіліктерін талдады. «Бір кітап – бір ой» айдарында өздері оқыған туындыларды таныстырып, «Ойлан, тап, жауап бер!» интеллектуалды сайысында бақ сынады.
Кездесу соңында қатысушылар жасанды интеллект тек көмекші құрал екенін, ал терең ойлау мен сыни көзқарас тек кітапты саналы түрде оқу арқылы қалыптасатынын түйіндеді.
Р.Г. Рыскалиева, Б.Д. Балғышева., Л.К. Бейсембаева., Н.С. Далабаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, химия және химиялық технология факультеті, жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының оқытушылары
