«АҚБЕРЕН» – ЖАС ТАЛАНТТАРДЫҢ ШЕШЕНДІК ШЕБЕРЛІГІН ШЫҢДАЙТЫН БАЙҚАУ — ҚазҰУ

«АҚБЕРЕН» – ЖАС ТАЛАНТТАРДЫҢ ШЕШЕНДІК ШЕБЕРЛІГІН ШЫҢДАЙТЫН БАЙҚАУ

17 қараша 2026
«АҚБЕРЕН» – ЖАС ТАЛАНТТАРДЫҢ ШЕШЕНДІК ШЕБЕРЛІГІН ШЫҢДАЙТЫН БАЙҚАУ

2026 жылдың 23 қазанында Алматы қаласындағы №104 мектепте 8-11(12) сынып оқушылары арасында «Ақберен» республикалық өнер байқауының қалалық кезеңі өтті. Алматы қаласы Білім басқармасының «Алматы дарыны» орталығы ұйымдастырған бұл байқау жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін танытуға, ұлттық өнер мен сөз мәдениетін дәріптеуге бағытталды.

Байқаудың басты мақсаты – оқушылардың бойындағы өнер мен дарынға жол ашу, шығармашылық қабілеттерін дамыту, шешендік сөзге деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ тіл мәдениеті мен көпшілік алдында еркін сөйлеу дағдыларын қалыптастыру. Осындай шығармашылық сайыстар жас талапкерлердің өз қабілетін шыңдап, білімін ортаға салып, ой-өрісін кеңейтуіне мүмкіндік береді.

Байқаудың «Шешендік өнер және сөз сайысы» бағыты бойынша қазылар алқасының мүшесі ретінде қатыстым. Қатысушылардың сөз саптауы, тіл байлығы, ой жүйелілігі, тапқырлығы, дәлелді пікір айтуы мен шешендік шеберлігіне назар аударылды. Әрбір қатысушының өз ойын ұтымды жеткізуі, сөз қадірін түсінуі, пікірін орынды дәлелдеп, қарсы уәжге жауап бере білуі бағалауда маңызды өлшем болды. 

«Ақберен» – жас дарындардың қабілетін танытып қана қоймай, ұлттық сөз өнерінің тағылымын жас ұрпақтың бойына сіңіретін тағылымды байқау. Шешендік сөз – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасы, ой тереңдігі мен тіл байлығының айқын көрінісі. Сондықтан оны ұлықтап, кейінгі буынға насихаттау – ортақ міндет.

Байқауға қатысқан барлық жас талапкерлерге шығармашылық шабыт, ізденіс пен толағай табыс тілейміз! Жас дарындарға мүмкіндік беріп, ұлттық өнер мен сөз мәдениетін насихаттауға үлес қосып жүрген ұйымдастырушыларға Алматы қаласы Білім басқармасының «Алматы дарыны» орталығына шығармашылық табыс тілейміз!