- Басты бет
- Жаңалықтар
- Сиверс алмасының зиянкес жәндіктерін зерттеу нәтижелері III Халықаралық жас ғалымдар конгресінде таныстырылды
Сиверс алмасының зиянкес жәндіктерін зерттеу нәтижелері III Халықаралық жас ғалымдар конгресінде таныстырылды
2026 жылғы 12–13 қарашада Ұлттық ғылым академиясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған III Халықаралық жас ғалымдар конгресі өтті. Екі күндік басқосуға әлемнің 35-тен астам елінен 1 000-нан аса зерттеуші қатысты.

12 қарашада түске дейін Конгрестің пленарлық отырысы, түстен кейін «AI for Science: ғылыми жаңалықтардың жаңа дәуірі» пленарлық форумы өтті. Екінші күні Конгресс жұмысы Алматының алты университетінде бес ғылыми бағыт бойынша жалғасты.
13 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (KazNARU) «Агробиоресурстар және экология» атты ғылыми конференция өтті.

Конференция KazNARU-дың бас ғимаратындағы Ситуациялық орталықта аралас форматта – офлайн және онлайн өтті. Оған Қазақстанның жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу институттарының, сондай-ақ Ресей мен Иранның жас ғалымдары қатысып, 18 баяндама тыңдалды.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, Зоология институтының аға ғылыми қызметкері, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының PhD, аға оқытушысы Танабекова Г.Б. «Сиверс алмасының зиянкес-жәндіктері» тақырыбында баяндама жасап, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті. Қатысушылар баяндамаға қызығушылық тудырып бірнеше сұрақтар қойды.

III Халықаралық жас ғалымдар конгресінің жұмыс қорытындысы бойынша қарар қабылданады. Онда іс-шара барысында айтылған отандық ғылымды дамыту, озық шетелдік технологиялар трансфері және ғылыми-зерттеу жұмыстарын коммерцияландыру жөніндегі маңызды ұсыныстар мен шешімдер бекітіледі.

Құжат уәкілетті органдарға және ҚР Құрылтайының депутаттарына жіберіледі. Конференциялар мен пленарлық форумдағы баяндамалардың қорытындысы ретінде III Халықаралық жас ғалымдар конгресінің тезистер (аңдатпалар) жинағы жарияланады.
Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының аға оқытушысы, PhD, Танабекова Г.Б.