БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың БҰҰ жаһандық даму (UNAI) хабының жетекші ролі мен жоғары жетістіктерін атап өтті. Бұл туралы 2016 жылдың 4 қарашасында Сеулда өткен академиялық ықпалдастық туралы III халықаралық форумында айтылды.
Бас хатшы әлемдік қауымдастықтың күнделікті адамзат мәселесін шешу жөніндегі бағдарламасын жүзеге асырудағы қазақстандық білім ордасының ролін атап өтті.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті БҰҰ тарапынан жүктелген ауқымды жұмыстарды тиімді атқарып келеді. ҚазҰУ ЮНЕСКО мен БҰҰ жаһандық бастамалары мен қағидаларын белсенді насихаттап, тұрақты даму саласындағы ғылыми жобалар аясындағы қызметін жүзеге асыруда. Олардың басым бөлігі университет студенттері тарапынан жасалуда»,- деп айтылған БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның жолдауында.
БҰҰ Бас хатшысы тұрақты даму мақсаттарын бірлесе отырып орындауды алға жылжытып отырған мүше-мемлекеттер мен азаматтық қоғамның қолдаулары үшін шексіз ризашылығын білдірді.
«Мыңжылдықтың сын-тегеуріндерін шешу үшін ғылым мен білім, өнертапқыштық, академиялық қауымдастықтың зияткерлік мүмкіндіктері мен білім көздерін пайдалану арқылы БҰҰ мен бүкіл әлем елеулі нәтижелерге қол жеткізді», - деді БҰҰ Бас хатшысының жолдауын оқыған UNAI «Академиялық ықпалдастық» бағдарламасының жетекшісі Раму Дамодаран.
Бас хатшы университеттердің және студент жастардың адамзаттық прогресін қамтамасыз етудегі басты роліне назар салды. «Мен азаматтық жаһандық рухын қолдаймын және жұмыла отырып планетамызда тұрақты даму мен берік бейбітшілікті сақтау үшін адамның жалпы құқығын қорғау жөніндегі жұмысты бірлесе отырып жалғастырамыз», - деп айтылған Пан Ги Мунның жолдауында.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университеті БҰҰ «Академиялық ықпалдастық» жаһандық Хабын басқарып отырған жетекші ЖОО ретінде, тұрақты даму идеяларын алға жылжыту жұмыстары жүргізіп, қоршаған орта мен экологияны қорғауға белсене атсалысып, қайта қалпына келетін қуат көздері мен альтернативтық жобаларды дайындап зерттеуде.