Жаңа алаң – жаңа мүмкіндіктер

8 қараша, 2016

ҚазҰУ мен Қазақстан Жоғарғы мектебінің Ұлттық ғылым академиясы ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ашық білім беру ұлттық платформасының тұсаукесу рәсімін өткізді. Алғашқы отандық онлайн-білім беру платформасын құру бастамасына ИИДМБ-2 жүзеге асыру үшін мамандарды даярлап жатқан университеттермен қоса Қазақстанның 12 жетекші жоғары оқу орны қосылды.

 Ашық онлайн-платформа жобасы ҚР-ның 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасын және e-learning электрондық білім беру жүйесін енгізуді жүзеге асыруға бағытталған. Ол апробациядан сәтті өтіп, бүгінгі таңда тұтынушыларға қазақстандық университеттердің сапалы онлайн-курстарын ұсынуда. Жаппай ашық онлайн курстары (ЖАОК) студенттер мен қызығушылық танытушылар үшін қосымша кәсіби құзырет алудың маңызды қайнар көзі болып табылады және ІТ-технологиялар арқылы білім беру қызметінің спектрін арттырады.

«Қазіргі таңда Қазақстандық білім беру жаңа инновациялық мүмкіндіктерді иеленуде. Жоғары білім беру салаларының сарапшылары ЖАОК-ты 2028 жылға дейінгі білім беруді дамытудың 30 перспективалық тенденциясының айрықшасы деп атап көрсетті. Мемлекет басшысы әрқашан бәсекеге қабілетті ұлттың деңгейі оның білімімен анықталады деп баса айтады. Осы ретте ЖАОК Ұлттық платформасын іске қосу отандық жоғары білім беру жүйесін дамыту тарихында маңызды оқиға болып табылады», – деп атап көрсетті ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтанов.

Бүгінгі таңда белгілі шетелдік ЖАОК платформалары курстардың ауқымды спектрін ұсынуда және сапалы білімді әлемнің миллиондаған тыңдаушыларына қол жетімді етіп отыр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ЖАОК даярлау мен енгізу бойынша үлкен тәжірибесі бар. Қазақстан Жоғарғы мектебінің Ұлттық ғылым академиясы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ еліміздің ЖОО-лары үшін ЖАОК бойынша серверлерді басқару, технологиялық және методологиялық жағынан қолдау көрсетіп, біліктілікті арттыру курстарын әзірлеп, оларды өткізетін болады.

ҚЖМ ҰҒА және елдің жетекші Университеттер консорциумы қазіргі ақпараттық-коммуникациялық технологияларды барынша қолдана отырып, сапалы білім беру бағдарламаларын жүйелі дамыту мақсатында құрылған ЖАОК Ұлттық платформасының нәтижелі жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Қазақстандық ЖАОК платформасын іске қосу отандық ЖОО-ларға тиімді желілік өзара байланысты жүзеге асыруға және курстармен алмасуға, халықаралық білім беру ортасында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жаппай ашық онлайн курстарын белсенді енгізудің келешегі академиялық ұтқырлықты жоғарылату есебінен отандық университеттердің халықаралық рейтингтерде позициясын жақсартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ білім беру қызметі нарығында олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.