«Заң мен тәртіп» – құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершіліктің негізі — ҚазҰУ

«Заң мен тәртіп» – құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершіліктің негізі

20 қараша 2026
«Заң мен тәртіп» – құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершіліктің негізі

2026 жылғы 17 қарашада «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында №16 Студенттер үйінде студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын құрметтеу және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында мазмұнды кездесу ұйымдастырылды.

Кездесуге Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Ермекова Ж.Ж., декан орынбасарлары мен кафедра меңгерушілері, сондай-ақ Заң факультетінің «Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық» кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі Алихан Қанат қатысты.

Іс-шара барысында студенттерге құқықтық білімнің маңыздылығы, Қазақстан Республикасының заңнамаларын сақтау, өз құқықтары мен міндеттерін білу, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелері кеңінен түсіндірілді.

Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтау, заң талаптарына бағыну, өз әрекеттерінің салдарын түсіну және өзге азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу қажеттілігі атап өтілді. Мамандар құқықтық сауаттылықтың күнделікті өмірде дұрыс шешім қабылдауға және азаматтық ұстанымды қалыптастыруға ықпал ететінін жеткізді.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан тиісті жауаптар алды. Еркін пікір алмасу барысында жастардың құқықтық тақырыптарға қызығушылығы артып, заң талаптарын сақтаудың маңыздылығы тағы бір мәрте айқындалды.

Аталған іс-шара студенттердің құқықтық білімін жетілдіруге, құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және заңға деген құрметін арттыруға бағытталды. Себебі құқықтық сауатты, жауапкершілігі жоғары жастар – әділетті әрі тәртіпті қоғамның негізі.

Заңды білу – өз құқығыңды қорғау, ал заңды құрметтеу – әр азаматтың міндеті!