Біз – тамыры тереңде жатқан елміз!
Тарих, археология және этнология факультетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Аңсаумен жеткен аманат!" атты мәдени іс-шара өтті.
Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің, бодандық бұйдасын сыпырып тастаған Бостандығымыздың, аңсаумен жеткен Азаттығымыздың, ел еңсесін көтерген Еркіндігіміздің, ұлағатты Ұлттық мүдде мен асқақ Рух тұрғысынан жеткендігін бір сәт еске түсіру мақсатында, «Мұрағаттану, құжаттану және құжаттамамен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша 2-курс студенттерінің қатысуымен тарихи кезеңдерден бірнеше көріністер көрсетілді.
Мөде ханның зәулім сарайындағы көрінісі, халықтың Керейді ақ киізге отырғызып хан сайлауын бейнелеуде студенттер шеберліктерін көрсете білді. Қазақ халқының басынан кешкен ең ауыр қайғы-қасіретінің бірі жоңғар шапқыншылығы қойылымы да көрермендердің көзіне еріксіз жас алғызды. Студенттер қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттерін жазған Алаш қозғалысын да айналып өтпей, Ә. Бөкейхановтың Қазақстанды Ресейден бөліп алмақ болған әрекеті жайлы орыс тергеушісіне берген жауабының жан айқаймен шыққан шындық екенін айқындай түсті. Әрине, бұл жағдай тарихи-саяси айрықша құбылыс ретінде ұлтымыздың мәдени-рухани даму жолын жаңа арнаға бұрғаны сөзсіз. Ұлттық дінінің мықтылығы, төзімділік қасиетінің беріктігі мен қайтпас қайсар батырлығының арқасында біздің ұлтымыз осындай қиындықтарға қарсы тұра білді. Студенттер бүкіл халықтың қабырғасын қайыстырған, көңілдерге мұң, жанарларға жас ұялатқан Ұлы Отан соғысының «Майдан» бекетіне де аялдап өтті. Қазақ жастары ұлтжандылық пен патриоттық сезімнің керемет үлгісін көрсеткен күн – 16 желтоқсан. Желтоқсанның жаңғырығы, «Желтоқсан желі» бекетіндегі бір сәт көріністің өзі көрермендер үшін ең бір әсерлі болды. Әсіресе, Қайрат Рысқұлбековтің рөлін сомдаған Жалғастың қинала отырып «Түрме жыры» атты өлеңін оқуы мен тергеуші Асылбек пен кезекші Мадиярдың іс-әрекеттері шынайылықпен сомдалды.
Найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған байтақ даламыз – бізге аңсаумен жеткен аманат! Біз – өткенінен алар өнегесі көп елміз! Біз– тарих сахнасынан ойып тұрып орын алған елміз! Ата-бабаларымыздың аманатымен жеткен тәуелсіздікті 25 жылда Қазақстанның дамып өркендеуімен ұштастырған видео-ролик кештің қорытындысы болды.
Арысы Қазақ хандығынан бастап берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы – осы аманатты сақтау. Жәнібек пен Керей құрған ел керегесін берік ұстап, Отанды қастерлеп өту – әрбір ұрпақтың міндеті. Қазақта «Отансыз адам ормансыз бұлбұл» деген сөз бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Осыншама өркениет жасаған, таусылмайтын дәулет, тозбайтын дәстүр қалдырып кеткен, адамзаттың өсіп-өркендеуіне орасан зор үлес қосқан бабалар тарихы бүгінгі ұрпақтың тағылым алар мұрасы екендігін әр азамат есте ұстауы тиіс.
М.Т. РАЙЫМБЕКОВА,
П.Н. НҰСҚАБАЙ,
дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының аға оқытушылары