Қазақстан мен Венгрия бас қосқан тарихи шара

15 қараша, 2016

Қазақстан мен Венгрия бас қосқан тарихи шара

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Венгриядағы революцияға 60 жыл» толуына орай мерекелік шара өткізілді.

Тарихи бағдарлама «Венгрия революциясы мен 1956 жылғы азаттық үшін күрестің 60 жылдығын еске алу» негізінде құрылған Комиссия қолдауымен Венгрияның Алматыдағы Бас консулдығымен біріге отырып ұйымдастырылды.

Мерекелік іс-шараға ҚазҰУ басшылығы, Венгрияның арнайы, өкілетті елшісі Андраш Барани, тарихшы, профессор Миклош Кун, бас консул Ференц Блауманн, ішкі экономика аттташесі Дёрдь Тар және профессорлық-оқытушылық құрам мен университет студенттері қатысты.

«Қазақстан мен Венгрия арасында стратегиялық серіктестік қарым-қатынасы қалыптасқан. Елдер арасындағы саяси диалогтің белсенді реттелуіне екі халықтың тарихи жақындығы, еркіндікке ұмтылуы және ұлттық мәдениет пен дәстүрінің өркендеуі әсер етті», - деп өз сөзінде атап өтті Андраш Барани.

Іс-шара бағдарламасы аясында «Играем спокойно» атты венгер фильмінің көрсетілімі болды және профессор Миклош Кун мырза Қазақстан мен Венгрия тарихшыларының диалогтарын саралай келіп, 1956 жылғы Венгриядағы революцияға қатысты ғылыми бағасын беріп, баяндама жасады.

Тарихи шара 1989 жылы ақталып шыққан венгер күресінің 60 жылдығын, қазақтардың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығын, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл толуын тірек етіп тағдырлас қос халықтың тарихы туралы ортақ мінбеден  пікір алмасу мақсатында ұйымдастырылды.

 

ҚазҰУ баспасөз қызметі