Әзілхан Нұршайықов атындағы мемориалды кабинеттің ашылуы өтеді
ҚР Ұлттық кітапханасында Әзілхан Нұршайықов атындағы мемориалды кабинеттің ашылуы өтеді.
Қазақстанның Халық жазушысы Ә. Нұршайықовтың мемориалды кабинетінің ашылуына арналған бағдарламада ҚР Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, т.б. жазушылар, қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен журналистер сөз сөйлеп, ҚазҰУ-дің филология факультетінің студенттері қатысады.
Сондай-ақ, Ә. Нұршайықов туралы «Жүрек жарды» фильмі (авторы Жадыра Сейдеш, 2010 ж) көрсетіліп, жазушы жайлы деректі фильм көрерменге жол тартады. Қазақстанның Халық жазушысы Ә. Нұршайықов атындағы стипендия тапсыру үшін жыл сайын Қазақстан жастары арасында өтетін «Адам және әлем» әдеби байқауын өткізу туралы бейнеролик көрсетіледі. 2011 жылдан бері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының негізінде жазушы отбасы байқауды жыл сайын өткізіп келеді.
Өткізілетін уақыты мен орны: 2016 жылғы 18 қараша, сағат 15.00-де
Мекен-жайы: Алматы қ-сы, Абай д-лы 14, 2 қабат
Мағлұмат алу телефоны: +7-701-674-0877 (Жанар Нұршайықова)
Әзілхан Нұршайықов – Қазақстанның Халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері. Ә. Нұршайықов өзінің өмір жолын «Артиллерист. Студент. Журналист. Жазушы» деген сөздермен айқындап берген.
Ә. Нұршайықов ұзақ жылдар журналист болып қызмет істеген. Журналист бола жүріп, жазушылық атаққа ие болған. 40-тан аса кітаптардың авторы. Жазушы негізінен махаббат пен достық, отаншылдық пен ерлік, адамгершілік пен инабат, интернационализм жайын жыр ететін. «Махаббат, қызық мол жылдар» романы қазақ жастарының қолынан түспейтін, іздеп жүріп оқитын кітабына айналды. «Ақиқат пен аңыз» кітабы Отанымызға кеңінен танымал болған.
«Ақиқат пен аңыз» романы үшін автор Қазақ ССР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Сондай-ақ әскери-патриоттық тақырыпқа жазылған өзге шығармалары үшін А.А. Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Қаламгер Кеңес Одағының 4 орден және оннан аса жауынгерлік медальдарымен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамоталарымен марапатталған. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалімен (1995), «Парасат» (2005) және «Отан» (2010) ордендерімен марапатталды. Қазақстанның Халық жазушы атағын алған.