"Жігіт сұлтаны" мен "Ана тілі аруы" байқауының ақтық сыны өтті
Байқаудың бірінші кезеңіне университеттен 500-ге жуық қыз-жігіт өтініш білдірсе, олардың 50-і 2-ші кезеңге өткен. Ал ақтық сайысқа 15 факультеттен 10 ару мен 10 сұлтан қатысып, білімдері мен өнерлерін көрсетті.
Шараның алғашқы кезеңдерінде қыздар қолымен жасалған қазақ ұлттық тағамдары жәрмеңкесі өкізіп, жиналған ақша қорын жетім балалар үйіне қамқоршылық іс-шарасы ретінде жұмсаған. Ал сұлтандар түрлі спорт сайыстарына қатысып, өздерінің күш-жігерлерін көрсеткен. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар ақтық сайыстың көркін қыздыра түсті.
Қорытынды кеште сәлемдесу,сұрақ-жауап кезеңі, өнер сайысы, сән үлгісін көрсету сынды төрт бірдей сайыс өтті. Бірегей сайыста "Ана тілі" республиклық газетінің бас редакторының орынбасары Нұрперзент Домбай, актриса, "Қазақ Аруы-2014" байқауының жеңімпазы Гүлнәз Жоланова, "Жігіттер" тобының әншісі Бағлан Әбдіраимов, ҚазҰУ-дың тәрбие ісі жөніндегі департамент директоры Жұлдыз Дәпенқызы қазылық жасады.
Студенттер жастар бұл сайысқа дейін бірінше кезеңді артқа тастаған, кіл мықтылардан құралған жеңімпаз топ. Әр қайсысының "Жігіт сұлтаны" мен "Ана тілі аруы" атағын алуға лайықты, өз дәрежесі бар. Өнерлері де, білімдері де кенен. Өзіндік ерекшеліктері, ұлттық университет студентіне тән бірегей қасиеттері де байқалады.
Ал байқаудың басты мақсаты - сайыстың деңгейіне сай келетін үздіктерді анықтау. Сонымен биылғы сайыста екінші орынға химия және химиялық технология факультетінің студенті Даяна Амирина мен журналистика факультеті Есентемір Қуанышбек, бірінші орынға халықаралық қатынастар факультетінің студенті Ақсәуле Қалиахмет және физика-техникалық факультетінің студенті (сондай-ақ "Dostyk travel" компаниясы ұсынған Дубайға жолдамасы иегері) Шалқар Құдайберген ие болды.
Сонымен байқаудың Бас жүлдегерлері болып, "Ана тілі аруы" атағына журналистика факультетінің студенті Алтынай Алмабаева, ал "Жігіт сұлтаны" марапатына филология және әлем тілдері факультетінің студенті Қадір Амантай ие болды.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,