Қазақстан студенттері қатысқан ауқымды форум жеңімпазы анықталды
Студент жастар форумы аясында жарияланған төрт байқауға қатысты. Нақтырақ айтқанда, «Еліміздің инновациялық дамуына менің қосқан нақты үлесім» атты инновациялық жобалар байқауы, «Мен мемлекетімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» атты эсселер байқауы мен «Мен жастарға сенемін!» поэзиялық шығармалар байқауы және «Мәңгілік ел мұратым!» атты патриоттық әндер байқауы жас таланттарға жол ашты.
Бір айға жуық студенттердің шығармашылық, инновациялық жобаларын сараптаған қазылар алқасы үздік байқау жұмыстары мен жүлдегерлерге сыйлықтар табыс етті. 1-орынды жеңіп алған М.Хайдари атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Каршева Ксения енді Ұлттық университетте 1 жыл тегін оқитын болды. «Қуанышымда шек жоқ. Біздерге осындай мүмкіндіктер жасаған ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Мен еліміздің ииновациялық дамуына қосқан нақты үлесім» атты инновациялық жобалар байқауы бойынша жеңімпаз атанып отырмын. Маған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де 1 жыл тегін оқу гранты беріліп отыр. Мүмкіндік болса, магистратурамды осы ЖОО-да жалғастырғым келеді», - деді Ксения Каршева.
Аталған форумда Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университетінің студенттері: Сәбит Мереке, Ерхан Оңғарбаев, Махамбет Тұрымов, Бауыржан Демегенов, Бисембай Асхат 2-ші орынға ие болса, 3-орынға Алматы технологиялық университетінің студенті А.Камалиева лайық деп танылған. Форумның салтанатты ашылуында сөз алған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің ректоры Ғалым Мұтанов ұйымдастырушылар алқасына республиканың 63 жоғары оқу орны студенттерінен 1 500-ден астам жұмыс келіп түскенін айтты. «1,5 мың өтініш келіп түсті. Оның ішінен 400 талантты студенттің шығармасы іріктеліп алынды. Бүгінгі форумға Қазақстандағы 63 университеттен 281 автор гала-форумға шақырту алды. Олардың барлығы бүгін осы залда, қатысып отыр. Барша қатысушыларға алғыс білдіремін», - деді Ғ.Мұтанов. Айта кетейік, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің ұйымдастыруымен өткен гала-форум ҚР Тұңғыш Президенті күніне және Тәуелсіздіктің 25-жылдығына арналды. Аталған форум биыл төртінші рет өтіп отыр.
Алмас Мұқашұлы