Антарктиданың Винсон шыңына!

2 желтоқсан, 2016

Тұңғыш Президент күні Оңтүстік полюске бағытталған екінші қазақстандық экспедиция басталып, қатысушылары 16 желтоқсан күні Антарктиданың ең биік шыңында ел туын көкке көтермек.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми қызметкерлері «Тәуелсіздік Полюсі» деп аталатын ғылыми-зерттеу экспедиция мүшелерінің құрамына кірді.

Ғылыми-зерттеу экспедициясын Қазақстан ұлттық географиялық қоғамы және «Бәйтерек» ұлттық бас­қару холдингімен серіктесе отырып «Қазақ геогра­фия­лық қоғамы» қоғамдық бірлестігі Қазақстан халқы Ассамблея­сының қолдауымен ұйым­­дастырып отыр.

Команданың бағыты Чилиден басталып, Ақ континенке дейін жалғасын табады. Альпинистердің мақсаты – Антарктиданың ең биік нүктесі 4892 метрлік Винсон шыңын бағындыру.

 «Антарктидадағы зерттеулер ғылымның әр саласының басында жүрген барлық ел ғалымдарының қызығушылығын тудыруда. Ғасырлар бойы табиғаты өзгермеген бұл континент еш мінсіз ғылыми база болып табылады. Біз үшін 2016 жылдағы экспедицияның маңызы зор, себебі, тұңғыш рет, тәуелсіз Қазақстанның жас ғалымдары Ақ континентте зерттеу жүргізуге мүмкіндік алып отыр»,- деп экспедицияның қатысушысы, ҚазҰУ-дың биотехнология кафедрасының аға оқытушысы, биология ғылымдарының кандидаты Алия Ерназарова атап өтті.

Экспедицияға қатысушының айтуынша, қазақстандықтардың зерттеулері микроағзалардың қасиетін, микроптардың алуан түрлілігін анықтау мен үйренуді көздейді, сондай-ақ, Антарктиданың үстіңгі қабатына антропогендік әсер етулер қарастырылады.