«Аспан асты елінің дәмдері»

5 желтоқсан, 2016

  «Аспан асты елінің дәмдері»

Үш мың жылдан астам тарихы бар қытай асханасы қытай мәдениетінің құрамдас бөлігі болып табылады. Ұлы ойшылы Конфуций қытайлардың дәстүрлі тағам дайындауын ерекше өнер ретінде есептеген. Ол дұрыс дайындалған тағам денсаулықтың кепілі, ал қайнатылған хош иісті шәй мен оған сәйкес тәттілер кез-келген аурудың емі екендігіне сенеді.

Қытай аспаздық дәстүрі мен шәй рәсімімен көпшілікті таныстыру мақсатында шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының 1 курс магистранттары «Айналаңды нұрландыр!» жобасы аясында қытай тағамдарын дайындау шеберлік-сыныбын өткізді.

ҚазҰУ студенттерінің өнері мен терең біліміне іс-шара қонақтары, яғни Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің қытай тілі оқытушылары, Халық Шаруашылығы университеті лингвистикалық орталығының қытай тілі оқытушылары, Д.Қонаев атындағы Қазақ гуманитарлық университеті қытай тілі оқытушылары, Жүргенов атындағы Өнер академиясының оқытушылары, Алматы көлік және транспорт колледжінің студенттері жоғары баға берді.

«Аударма ісі» және «Аймақтану» мамандықтарының 1 курс магистранттары Кәмәлбек Айна, Мұқатай Клара, Қанат Гүлнар, Мәжит Мерей қытай тағамдарының тарихы мен дайындалу әдістерімен таныстырып, ежелгі Қытай мәдениетін, даналығын, философия мен рухын бейнелейтін тағамдардың шығу тарихына байланысты қызықты оқиғаларды шағын қойылыммен көрсетті. Ал шығыстану, шетел филология факультетінің 1 курс магистранттары Сағынбек Маржан мен Жеңісбаева Меруерт шәй рәсіміне байланысты тың ақпарттармен бөлісті.

«Аспан асты елінің дәмдері» мерекелік шарасына қатысушылар қытай тілін ғана емес, сан-салалы мәдениеті мен тарихын, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін де терең меңгергенін көрсетті.

Мұқатай Клара, Қанат Гүлнар және Кәмәлбек Айна аспаздық өнерлерін көрсетіп, «Гуңбао Цицзин» және «Қытай тұшпарасы» «Дапанцзи» тағамдарын ұсына отырып, пайда болуы мен жергілікті ерекшеліктері туралы әңгімелеп берді.

Тамақ талғағыштардың айтуынша, Қытайдың оңтүстік және солтүстік асханаларының өзіндік айшықтары, жалпы ережелері мен әртүрлі әдістері бар, олар астың дәмді ірі әдемілігімен ғана шектелмейді, міндетті түрде денсаулыққа пайдасы мен емдік қасиеттеріне ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

Іс-шара барысында «Аспан асты елінің хош иісті тағамдары» атты деректі фильм көрсетіліп, қытай ұлтының әндері мен билері орындалған шағын концерт қойылды. Сонымен қатар, тұшпара түю сайысы ұйымдастырылды. ҚазҰУ-дың әріптес университеттері осы сыңайлы мәдени іс-шаралар Қазақстан мен Қытай халықтарының достығын нығайтатынын атап өтті.

Қытайтану кафедрасының меңгерушісі Нәбижан Мұхаметханұлы «Шығыстану факультетінде шеберлік-сыныптар өткізу игі дәстүрге айналды. Әлемнің ең қиын тілін қысқа мерзімде меңгерген студентеріміз әлі талай биіктерді бағындыратынына сенеміз», - деп мақтанышпен атап өтті.

 

Қытайтану кафедрасының оқытушылары

Кенжебаева А., Нуржаева А.