ҚазҰУ-да Әл-Фараби алаңы ашылды
ҚазҰУ-да Әл-Фараби алаңы ашылды. Білім мен ғылымға жол ашқан «Білім қақпасынан» Әл-Фараби ескерткішінің қос қанатында орналасқан әлемнің төрт бұрышына ғылымның жарығын шашып, әл-Фарабидің жолын көрсетіп тұрған «Білім шамы» кешенінің ашылуы Қазақстан Республикасының 25-жылдық Тәуелсіздігіне арналды. Алаңның тұсаукесер рәсіміне университет студенттері, қызметкерлері мен оқытушылары қатысты. Басты сөзді алған ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов бұл шара жаңа оқу жылының басында ҚазҰУ-дың кампусында ашылған студенттер мен түлектердің триумфалды аркасының жалғасы болып табылатындығын атап өтті. Сәулеттік архитектуралық идея бойынша қаланыӊ айшықты белгісіне айналған Триумфалды қақпасынан кейінгі тұра жол Әл-Фараби алаңына әкеледі. Төрт жақтан жарқыраған алаң ғылым мен білімге құштар жастардың символын білдіреді. ҚазҰҮ басшылығы мен ұжымы барша қауымды Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен және Әл-Фараби алаңының ашылуымен құттықтап, алда үлкен жетістіктер мен табыстарға жетулеріне ізгі тілектерін білдірді. Ауқымды шара кеші ҚазҰУ-дың көркемөнерпаздары дайындаған концертімен аяқталды.