ҚазҰУ ғалымдарының жаңа инновациялық технологиясы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің физика-химиялық әдіспен зерттеу және сараптау орталығы ғалымы полимер және көміртекті материалдардың (шунгит, көміртекті талшықтар т.б.) негізінде композиттік материал алудың инновациялық технологиясын ойлап тапты.
Ғылыми жобаға физика-математика ғылымдарының докторы, профессор А.И.Купчишин жетекшілік жасаған.
Жоба авторы ғылым жұмыс барысында композиттік материалдың сынамасы мен оны дайындаудың технологиялық режиміне бірқатар өзгеріс енгізді. Сонымен қатар композиттік материал алудың технологиялық кестесі дайындалған. Ғылыми жұмыс барысында композиттік материалдың құрылымы мен химиялық құрамы жан-жақты зерттелгенін де айта кетуіміз керек.
Қазіргі таңда ҚазҰУ ғалымы ойлап тапқан тың технология Қазақстанның бірқатар кәсіпорындарда қолданысқа еніп, отандық өндірісті өркендетуге үлес қосуда.
Мамандар ғылыми жұмыстың қорытындысы композиттік материалдардың физика-механикалық құрылымын арттыруға жол ашатынын алға тартты. Мұндай материалдарды әуе мен ғарыш саласына қажетті техникаларды жасауға кеңінен пайдалануға болады.