Физик-ғалымдарға арналған аудитория ашылды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетіне ерен еңбек сіңірген ғалымдар мадақталып, Совет Исатаев, Василий Кашкаров пен Жеңіс Өмірбеков аудиториялары ашылды.
Іс-шара қазақтың ұлттық аспаптары ансамблінің өнер көрсетуімен басталды. Техникалық физика және жылуфизика кафедрасының оқытушысы, айтыскер ақын Қазірет Бердіхан мерекелік рәсімді жүргізіп, ректор кеңесшісі, академик Төлеген Қожамқұлов пен профессор, ғылыми-иннновациялық қызмет проректоры Тілекқабыл Рамазанов аудиторияның ашылуына мұрындық етті. Сондай-ақ, шараның арнайы қонақтары Жеңіс Өмірбековтың ағасы Қайрат Өмірбеков пен Совет Исатаевтың жұбайы Гүлжан Исатаева салтанатты түрде қызыл лентаны кесуге ат салысты. Профессор, физико-техникалық факультетінің деканы Аскар Даулетов пен профессор, плазма физика және компьютерлі физика кафедрасының меңгерушісі Юрий Архипов сөз сөйлеп, шараның маңыздылығын атап өтті. Қорытынды сөзді жылуфизика және техникалық физика кафедрасының меңгерушісі Салтанат Бөлегенова алып, қонақтарды арнайы дайындалған фуршетке шақырды.
Жиын барысында факультет оқытушылары, ғалымдардың көзін көрген әріптес-достары бас қосып, ерекше естеліктерімен бөлісті. Ректор кеңесшісі Төлеген Қожамқұлов Совет Исатаевтың білімі мен біліктілігі өз алдына, шәкірттерді үйретуден жалықпайтын мейірімділігі мен адамгершілігіне тоқтала кетті. Теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, ф.-м.ғ.д., профессор Медеу Абишев аудиторияға ғалымдардың есімі берілуі оқытушылардың қажырлы еңбегінің жемісі екенін тілге тиек етті. «Бүгін ұстаздарымыздың мерейі өсіп жатыр, бұл ұрпақтар сабақтастығы десек болады. Аға буынды шәкірттерінің ардақтауы, ертеңгі күні біздің де еңбегіміз есте қалатының белгісі және айтулы шаралар аталмыш ғалымдардан алған біліміміздің айқын бейнесі» дейді ол.